Оқу, Колледж, Димаш Құдайберген. 26 шілденің топ жаңалықтары

Автор: редактор 25 июля, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Түркістандық түлек Дамир Аюпов шетелдің 45 жоғары оқу орнынан шақырту алды.

Бұл туралы inform.kz мәлімдеді. Олардың қатарында АҚШ, Швейцария, Германия, Испания, Малайзия, Шотландия секілді елдер бар.

Түркістан қаласындағы № 15 жалпы орта мектептің түлегі Дамир Аюпов Ұлттық біріңғай тестілеуден 133 балл жинады.

“Мектепте география, математика және ағылшын тіліне қатты көңіл бөлдім. Содан, IT саласын таңдаймын деген жоспарым болды. Дегенмен 11-сыныпта бұл ойым өзгерді. Оныма өкінбеймін. Қазір бизнес бағытын таңдап отырмын”, — дейді Дамир Аюпов.

Талапкер оқуға шақырту алған елдерінің арасында Чехияның Прага қаласын таңдап отыр. Ол чех елінде білім алу үшін бір жылын тіл меңгеруге жұмсайтынын айтты.

“Шет елде білім алу үш жылға жалғасады. Тағы бір жыл сол елдің тілін меңгеремін. Мені шәкіртақысы 2,5 млн теңге болатын университеттер де шақырды. Бірақ жүрек қалауым Еуропаға түсіп тұр”, — дейді Дамир Аюпов.

Білімді жастарымыздың қатары көбейе берсін! Жарайсың, Дамир! 🔥

2️⃣ Енді колледжге құжатты eGov.kz порталы арқылы тапсыруға болады.

Енді талапкерлер колледжге түсу үшін құжаттарын eGov.kz порталы арқылы тапсыра алады.

«Құжат тапсыру кезінде порталды қолданушы оқу тілін жән өңірді таңдай алады. Порталда автоматты түрде абитуриенттің білімі, бағалары және оның сертификатының жалпы бағасы туралы ақпарат шығарылады. Азаматтардың жеңілдігі бар жекелеген санаттары үшін (І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, т.б.) жүйе оның мәртебесі туралы қосымша ақпаратты көрсетеді», — дейді ведомство.

Сонымен қатар өтінімнің мәртебесін бақылап отыру және қажет болған жағдайда оны кері қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған. Атап өту керек, бір абитуриент 4 колледжде 4 түрлі мамандықты таңдай отырып бір ғана өтінім бере алады.

«Талапкер өтінімді беру үшін eGov.kz порталына кіріп, «Білім» бөліміндегі «Колледждер» санатын таңдауы тиіс. Мұндағы көрсетілген барлық кестені толтырып, файлды жүктейді және ЭЦҚ арқылы қол қояды.

Колледждерге құжаттар қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. Бүгінгі таңда 96 мыңнан астам өтінім қабылданды. Жаңа оқу жылында тегін техникалық және кәсіби білім берумен 145 мың студент қамтылады деп жоспарлануда.

Біле жүріңіздер!📌

3️⃣ Димаш Құдайберген Қытайдың «Singer 2024» байқауында өнер көрсетеді.

«Singer 2024» жобасының ақтық бәсекесі 26 шілде күні тікелей эфирде көрсетіледі.

Қытайлық HUNAN TV телеарнасының тікелей эфирінде өтетін байқауда қазақстандық әнші құрметті қонақ ретінде сахнаға шығып, «Singer 2024» байқауының қатысушысы Шанте Торрейн Мурмен бірге ән шырқайды.
Байқау шартына сәйкес, финалистер бірінші кезеңде арнайы шақырылған әншілермен жұптасып ән шырқайды. Ал екінші кезеңге жолдама алған төрт әнші жекелей сында өзара мықтыны анықтайды.

Айта кету керек Димаш Құдайберген «Singer 2017» байқауында екінші орын иеленген болатын.

Керемет! Сәттілік тілейміз!😍