Оқушы, Үй, Рейтинг.5 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 05 декабря, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Алматыда жастардан жалға берілетін тұрғын үйге өтініш қабылдау басталады.

11-15 желтоқсан аралығында Алматының жұмыс істейтін, 35 жасқа дейінгі жастарынан сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге өтініш қабылданады.

Өтініш пен құжаттарды Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына www.kezekte.kz сайты арқылы тапсыру керек.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй 3 жыл мерзімге беріледі. Наурызбай ауданында жалпы саны 2 100 пәтер үлестіріледі.
Бағдарламаға қатысуға қойылатын негізгі талаптар:

35 (отыз бес) жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары;

Алматы қаласында тұрғылықты жері бойынша 3 (үш) жылдан кем емес тұрақты тіркеуді растау (осы қалада тұрғын үй сатып алуға үміткерлер үшін);

Алматы қаласында 14 жастан асқан өтініш берушінің отбасы мүшелерінің (жұбайы және болған жағдайда балалары) тұрақты тіркелуі;

өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), кәмелетке толмаған балаларының өтініш берудің алдындағы 5 (бес) жыл ішінде меншік құқығында, жалдау құқығымен немесе сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің жоқтығын растау (жергілікті атқарушы органның тиісті анықтамасымен расталатын апатты жағдайдағы, құлау қаупі бар тұрғын үйлерді қоспағанда);

соңғы алты айда кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш (2023 жылға – 138 мың теңге) мөлшерінен кем емес ай сайынғы табыстың болуы;

банктік жинақ шотында 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш (2023 жылға – 138 мың теңге) мөлшерінен кем емес қалдық болуы.

Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе негізінде (ең көп балл саны бойынша) жүргізіледі. Балл беру критерийлері, сондай-ақ қажетті құжаттар тізімі жоғарыда көрсетілген сайтта орналастырылған.

Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін бағдарламаға қатысушылар жоғарыда көрсетілген сайттағы жеке кабинеті арқылы берілген өтініштің нәтижесін дербес бақылайды.
Анықтама телефондары: +7(727)2251452, +7(727)2251437.

11-15 желтоқсан аралығында сіз де үйге өтініш бере аласыз!📌

2️⃣ Қазақстан математика мен жаратылыстанудан PISA рейтингі бойынша ТОП-50 елдің ішіне кірді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биылғы PISA қорытындысын жариялады.

«Қазір ғана кезекті PISA рейтингінің нәтижесі жарияланды. Өздеріңіз білетіндей, бұл — білім сапасын бағалайтын маңызды халықаралық жүйе. Еліміз математика және жаратылыстану пәндері бойынша ТОП-50 елдің ішіне кірді. Жаратылыстану пәндерінен көрсеткіш 26 балға артып, математика және оқу сауаты бойынша алдыңғы нәтижелер сақталды. Бұл жерде мектептеріміздің рөлін ерекше атап өткен жөн. Қала мен ауылдық жерлердегі оқушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтық азайып келеді. Жалпы, 81 елдің ішінде Қазақстан математикадан 46-орын (2018 жылы 54), оқудан — 61-орын (2018 жылы 69), жаратылыстану пәнінен — 49-орында (2018 жылы 69) тұр. Мемлекет басшысының білім беру жүйесіне үздіксіз көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауының арқасында осындай көрсеткіштерге қол жетті. Педагог мәртебесін арттыру, жалақыны көбейту, қосымша білім беруді, инфрақұрылымды дамыту, балаларымыз үшін қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету шаралары білім сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Білім саласын дамытудағы мемлекеттік ұстанымның дұрыстығы айқындалды. Осы бағыттағы жұмысты күшейте түскен жөн», — деп жазды министр Facebook парақшасында.

Керемет!👍

3️⃣ Астанада мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан оқуға ауыстырылды.

Астананың Білім басқармасы ауа райының нашарлауына байланысты оқушылар мен студенттер 5 желтоқсанда онлайн оқитынын хабарлады.

Қашықтан оқуға бірінші ауысымның 0-11 сынып оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттері жіберілді.

Сонымен қатар қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы көктайғақтан зардап шеккендердің саны туралы мәлімет берді.

«5 желтоқсанда ауа райының нашарлауына байланысты азаматтар қалалық ауруханалардағы медициналық көмекке жүгінген. Сағат 00.00-ден 08.00-ге дейін 37 шақырту түскен, ол азаматтардың ешқайсысы ауруханаға жатқызылмаған», — делінген хабарламада.

Ведомство қалада травматологиялық пункттердің жұмысы күшейтілгенін мәлімдеді.

Абайлап жүріңіздер!🙌🏻