Оқушы, Туынды, Қазы. 23 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 23 мая, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Астанада 5 жасар баланы құтқарған оқушы марапатталды.

Астанада төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың бұйрығына сәйкес адам құтқару кезінде батылдық пен өжеттілік танытқаны үшін №31 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Ақан Әкімжанов марапатталды.
Мектеп жиналысында Астана қаласы ТЖД бастығы Марат Күлдіков Ақан Әкімжановты және оның ата-анасын төтенше жағдайлар министрінің алғыс хаттарымен марапаттап, бағалы сыйлықтарды ұсынды.

«Ақанның көрсеткен ерлігінің арқасында адам өмірі құтқарылды. Әр бала, әр азамат батылдық пен батырлық таныта отырып, қиын сәтте көмекке келе алатын болса, онда ол нағыз – құтқарушы. Осындай баланы тәрбиелеген ата-анасы мен мектеп ұжымына алғыс білдіреміз», — деп атап өтті қалалық ТЖД бастығы Марат Күлдіков.

Естеріңізге сала кетейік, ол 20 мамырда Астанадағы көп қабатты үйлердің ауласында жүріп, 4-қабаттағы балкон қоршауында ілініп тұрған балаға көмек көрсетті. Жедел 4-қабатқа көтеріліп 5 жасар баланы құтқарды.

Ақанның көрсеткен ерлігі — көпке үлгі!👍

2️⃣ Қазақстанда алғаш рет Леонардо да Винчидің La Bella Principessa туындысы көрсетіледі.

Леонардо да Винчидің ең жұмбақ әрі құнды жауһар туындыларының бірі – La Bella Principessa Варшава кодексінің Сфорциядасынан алынған сурет.
Қылқалам шеберінің пергаменттегі жалғыз туындысы Қазақстан жұртшылығының назарына ұсынылмақ.
Бұл мүмкіндік Астанадағы Италия елшілігінің, ForteBank, Mastercard, Scripta Maneant және Италия мәдениет институтының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Көрме Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 7 маусым мен 4 тамыз аралығында өтеді.

La Bella Principessa — XV ғасырдың аяғында Леонардо да Винчи салған италиялық ақсүйектер отбасынан шыққан жас қыздың портреті. Астанадағы Италия елшілігінің хабарлауынша, бұл туынды шебердің ең жұмбақ әрі тартымды туындыларының бірі. Бұған дейін картина әлем бойынша 5 рет қана қойылған.

“Мәдениетті ілгерілету — Италия мен Қазақстан арасындағы диалогтың қуатты қозғалтқышы. Леонардо – мәңгілік талант пен шығармашылық иесі. Оның бір туындысының Астанадағы көрмесі – екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың бірегей мүмкіндігі”, — деп түсіндірді Италияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Марко Альберти.

“ForteBank” АҚ Басқарушы директоры Әлия Есжан Леонардо да Винчидің өлмес туындысын әр адам жоғары эмоциямен тамашалайтынына сенімді.

Тамашалау тегін екен! Міндетті түрде барып қайтыңыз!😍

3️⃣ Қазы – әлемдегі ең үздік шұжықтар қатарына кірді.

TasteAtlas электронды энциклопедиясы “Әлемдегі ең үздік 100 шұжық” рейтингісін жасады.

TasteAtlas – ас әзірлеушілерге арналған үлкен ресурс. Мұнда әр түрлі тағамның рейтингісі үнемі жарияланады. Мәселен, “Әлемдегі ең үздік 100 шұжық” тізімінде жылқы етінен жасалған дәстүрлі қазақ шұжығы 81-орынды иеленді. Рейтингінің жоғарғы жағында немістің Bockwurst сарделькалары, ал одан төмен шведтің Prinskorv шұжығы орналасқан. Виньяиш қаласында өндірілетін португалдық “Альйера” шұжығы көш бастап тұр.
Сипаттамада көрсетілгендей рейтинг сайт пайдаланушыларының бағалауы негізінде жасалған.

“Әлемдегі ең үздік 100 шұжық” тізімін жасау үшін 2024 жылдың 15 мамырына дейін 7274 баға тіркелді, оның 5465-і жүйе заңды деп танылды”, — делінген рейтингтің сипаттамасында.

Тамаша!🔥