Оқушылар, Әмина Малғаждар, Египет. 11 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 11 Наурыз, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Үлгерімі төмен, сабақтан жиі қалатын оқушылар мектепішілік есепке алынады.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті орта білім беру ұйымдарына арналған мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеп, бекітіті.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, ол ерекше назар аударуды және білім беру ұйымдарының көмегін қажет ететін балаларды қамтиды.

«Мектепішілік есепке үлгерімі төмен, сабақтан жиі қалатын, мектеп Жарғысын және ішкі тәртіп ережелерін бұзатын оқушылар алынады», – делінген хабарламада.

Комитет төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, мектепішілік есеп ерекше педагогикалық назарды, кешенді қолдауды қажет ететін кәмелетке толмағандарды уақтылы анықтауға көмектеседі.

«Бүгінгі таңда барлық мектеп мектепішілік есеп жүргізуді бастады. Мектепішілік есепке алудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру мақсатында біз тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірледік. Енді мектепішілік есепте тұрған әрбір балаға қосымша сабақтар ұйымдастырып, баланың шығармашылық, спорттық әлеуетін ашуды, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді қамтитын жан-жақты көмек көрсетіледі. Оқушыларды есепке алу туралы шешімді білім беру ұйымының алдын алу кеңесі қабылдайды», – дейді Овечкина.

Айта кетері, мектепішілік есепке алу білім беру ұйымында ғана жүзеге асады. Оның басты мақсаты – балаға жеке әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу.

Жаңа заңға қалай қарайсың?🤔

2️⃣ Қазақстандық жас блогер Әмина Малғаждар Nickelodeon Kids Choice Awards марапатына ие болды.

Бұл туралы inform.kz хабарлады.

Nickelodeon жыл сайынғы Kids Choice Awards премиясының жеңімпаздарын жариялады.

Әлемдік супер жұлдыздармен қатар, Nickelodeon Kids’ Choice Awards марапаттарын аймақтық номинацияларда әлемнің түрлі елдерінен қатысқан инфлюенсерлер де алды.

Осы жылы аталмыш жүлденің тарихында алғаш рет «Сүйікті қазақстандық инфлюенсер» номинациясында дауыс беру жүргізілді. Жүлде Әмина Малғаждарға (Аминка Витаминка) бұйырды. YouTube желісінде Аминканың жұмысын 5,52 млн адам бақылайды, ал оның Instagram парақшасында 1,3 млн оқырманы бар.

Құтты болсын!😍 Арамызда Әминаның оқырмандары бар ма?)

3️⃣ Египет әуе компаниясы Қазақстанға тұрақты рейстер ашады.

Египеттің «Air Cairo» әуе компаниясы Астана мен Алматыға тұрақты тікелей рейстерді іске қосады.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Египеттің авиациялық билік орындарымен «Air Cairo» әуе компаниясының Қазақстанға тұрақты жолаушылар рейстерін ашу мәселесін пысықтады.

Осылайша «Air Cairo» әуе компаниясы 13 наурыздан бастап Астана – Шарм-эль-Шейх бағыты бойынша рейстерді ашады. Рейстер аптасына 2 рет –дүйсенбі және жұма күндері орындалады.

Ал 14 наурыздан бастап Алматы – Шарм-эль-Шейх бағыты іске қосылады. Рейс жиілігі – аптасына екі рет (сейсенбі және сенбі). Жолаушыларды А-320 типті әуе кемелері тасымалдайды.

Айта кетері, «Air Cairo» – Каирде (Египет) орналасқан мысырлық әуе тасымалдаушысы. Авиакомпания рейстерді 2003 жылы іске қосты.
Бүгінде әуе компаниясы әлемнің 20-дан астам еліне (Армения, Дания, Австрия, Әзербайжан, Франция, Грузия, Германия, Венгрия, Италия және т.б.) 50 бағыт бойынша халықаралық рейстер орындайды.

Компания паркінде Airbus A320, A320neo, ATR 72 және Embraer 190 типті 19 әуе кемесі бар.
Қазақстан мен Египет арасындағы әуе қатынасының ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, деп мәлімдеді Қазақстанның азаматтық авиация комитеті.

Египетке барып көрдің бе?✈️