Офицер, Техника, Рекорд. 12 маусымның топ жаңалықтары

Автор: редактор 12 июня, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Ресейде ҚР Ұлттық ұлан офицері баланы ажал аузынан құтқарып қалды.

8 маусымда сағат 19:30 шамасында подполковник Жандос Нұрахметов баласымен Кострома қаласының Галичская көшесінде серуендеп жүргенде, №51 үйдің 2-қабатынан 4-5 жастағы баланы байқайды. Ол терезеден ойыншық, киім, сөмкелерді лақтырып жіберді.

“Мен өтіп бара жатқан тұрғындардан терезе алдында жалғыз отырған бала мен оның ата-анасы туралы сұрай бастадым. Балаға ішке қарай кір деп, қауіпті түсіндірмек болдым. Алайда балақай құлақ аса қоймады. Сол маңда тұратын бір әйел келіп, бұл баланың денсаулығында кінәраты бар екенін айтты. Осы уақытта бала терезе арқауына асылып, сыртқа шығуға ұмтылды. Оның құлап кететінін сезіп, бар даусыммен айқайлай бастадым. Үй ішінде ересек адам болса, дауысты естісін деп. Алайда ойланып, біреудің шыққанын күтіп тұратын артық уақыт болмады. Дереу құбыр арқылы 2-қабатқа көтеріліп, баланы ақырын терезеге сүйреп апардым. Баламен бірге пәтерге кіріп, үйде ешкім жоқ екенін түсіндім. Мен кетсем, тағы қайталап жүрер деп балақайды көшеге алып шығып, ата-анасын жақсы танитын көршілеріне тапсырдым”, – дейді ұландық офицер.

Жандос Нұрахметов бүгінде Ресей Федерациясының Кострома қаласында Кеңес Одағының маршалы С.К. Тимошенко атындағы радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау әскери академиясының тыңдаушысы.
Қазіргі уақытта Қазақстаннан жоғарыда аталған академияда алты курсант, екі тыңдаушы және бір адъюнкт білім алып жатыр.

Міне, азамат!🙌🏻

2️⃣ Роналду кәсіпқой матчтар саны бойынша абсолютті әлемдік рекорд орнатты.

12 маусымда Португалия мен Ирландия құрамалары арасында жолдастық кездесуде 39 жастағы Роналду дубль авторы атанды.

Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясының (IFFHS) мәліметінше, бұл матч шабуылшының кәсіпқой футболдағы 1226-шы ойыны болды. Бұл көрсеткіш бойынша ол 1225 ойын өткізген Бразилия құрамасының бұрынғы қақпашысы Роджерио Сениді шаң қаптырды.

Жалпы, Роналду ұлттық чемпионаттарда 698 матчқа қатысқан. Португалиялық ойыншы кубок турнирлері мен суперкубоктарда 101 ойын өткізді. Криштиану халықаралық клубтық жарыстарда 220, Португалия құрамасында 207 кездесу өткізген.

Футболшының жанкүйерлерін құттықтаймыз!👍

3️⃣ Samsung Electronics Қазақстанда тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашпақ.

Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті екі ел сауда-экономика және инвестиция салаларына баса мән беретінін, Корея Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі саналатынын жеткізді.
Президенттің айтуынша, былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, Kia, Lotte, Doosan, Posco сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр.

«Біз Президент Юн Сок Ёль мырзамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Әсіресе, инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, IT, цифрландыру және басқа да салаларға басымдық беріп отырмыз. Қазір Doosan Enerbility компаниясы Түркістанда бу-газ қондырғысы арқылы жұмыс істейтін электр стансасын салып жатыр. Сонымен қатар Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз. Сондай-ақ GL Ralpha компаниясы Астанада биофармацевтика зауытын салуды жоспарлап отыр, – деді мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында сирек кездесетін металдарды бірлесіп зерттеу және өндіру мәселесі де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нарығына кіргісі келетін корей компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екеніне назар аударды. Оның пікірінше, мұны жүзеге асырудың нақты жолдары бар. Үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес пен бизнес қауымдастық арасындағы жұмыс тобы құрылған. Бұл құрылымдар екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға зор септігін тигізеді.

Бұған көзқарасыңыз қалай?🤔