Оксфорд, Ататүрік, Кореяға жұмыс

Автор: Редактор 26 января, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақ тілі Оксфорд университетінде оқытылады.

Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту қолға алынады.

Министрлік Оксфорд университетімен өзара ынтымақтастық туралы келісімді рәсімдеді. Соның аясында Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту жоспарланып отыр.
Қазақстандық делегация Бодлиан кітапханасында Қазақстанға қатысты көне қолжазбаларымен де танысты.

«Бодлиан кітапханасы — өте ірі, рухани ордалардың бірегейі. Бұл кітапханада Түркі философы Шейх Ахмед Таразидың “Кемелдік ғылымы” қолжазбасының жалғыз данасы сақталғанын айтып өткім келеді. Сонымен қатар университетке экскурсия жасап, тарихымен етене танысып шығудың сәті түсті», — дейді министр Саясат Нұрбек.

Сапар кезінде Oxford Qazaq сөздігінің алғашқы басылымы да таныстырылды. Оған 60 мыңнан астам сөз енді.
«Сонымен қатар осы сапар аясында мен жас өнертапқыш Санжар Тайжанмен кездестім. Санжарды мен ертеректен жақсы білемін. Естеріңізде болса, Tesla ұйымдастырған Not-A-Boring Competition турниріне қатысқан қазақ жігіті Санжар Тайжан мен оның командасы ұсынған бұрғы машинасы Илон Масктың назарына іліккен болатын», — деп атап көрсетті Нұрбек.

Керемет! Бұл да бір үлкен жетістік!🔥

2️⃣ Алматыда Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші ашылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткіш орнату туралы тапсырманы Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары кезінде берген болатын. Оны өткен жылы Мұстафа Кемалдың құрметіне ашылған Ататүрік скверінде орнатты.

Ескерткіштің биіктігі — 3 метр. Ататүріктің бейнесі қоладан құйылған. Ал тұғыры граниттен жасалды. Авторлары — қазақстандық мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов.

Ашылу салтанатына мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, түрік диаспорасы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ескерткішті көрдіңіз бе?👍

3️⃣ Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяға жұмысқа тұру талаптары белгілі болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасы Асқарбек Ертаев қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяға қашан және қалай табыс табуға бара алатыны туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір кореялық тараппен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тестілеу орталығының базасында тестілеу орталығын құру жоспарланған, бұл оқу орны қажетті материалдық-техникалық база, оқу кабинеттері, 500 орындық заманауи компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. Қазақстандықтарды оқытуды Қонаевтағы көпсалалы колледж базасында өткізу жоспарланып отыр, яғни Оңтүстік Кореяға кетер алдында дайындық жүргізіледі», — деді Ертаев.

Сонымен қатар ол колледж аумағында білім алушылардың тұруы үшін арнайы жабдықталған үй-жай орналасқанын да атап өтті. Талаптардың бірі — медициналық тексеруден өту. Ол Қонаев ауруханасында болады.
Бұл жобаны жүзеге асыру азаматтарымыздың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау кепілдігімен Оңтүстік Кореяда үш жылға дейін заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Ал сіздің ойыңызда бар ма?😍