Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Ақтаулық оқушы IChO — 2024 химия олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.
International Chemistry Olympiad дүниежүзілік ең беделді топ-7 олимпиадалардың қатарына кіреді. Қазақстандық оқушылардан құралған құрамамыз үшінші жыл қатарынан жоғары нәтиже көрсетіп келеді, биылғы жылы жас химиктеріміз қос алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленіп, 100% нәтиже көрсетті. Олардың ішінде “Білім-инновация” лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әділжан Молдағұл бар.
Айта кетсек, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен құрама команда мүшелері бірнеше республикалық және халықаралық оқу-жаттықтыру жиындарына қатысып, 2024 жылғы Еуропалық және Дүниежүзілік олимпиадаларда 100% нәтижелер көрсете білді.
Анықтама үшін: Халықаралық ірі олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ ақшалай сыйақы төленеді. Алтын медаль үшін 1500 АЕК, күміс медаль үшін 1000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК төленеді және оқушыларды дайындаған тәлімгерлеріне де марапат қарастырылған.
Құтты болсын!🔥
2️⃣ Енді қазақстандықтар eGov Mobile арқылы өз балаларына соттылықтың жоқтығы туралы анықтаманы ала алады.
Бұл қызмет кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне қолжетімді.
Пайдаланушылар анықтама форматын таңдай алады: электронды түрде немесе апостильмен қағаз түрінде. Егер апостилмен анықтаманы таңдасаңыз, Мемлекеттік корпорация филиалының мекенжайын көрсетуіңіз және мемлекеттік бажды төлеуіңіз керек. Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама — талап ету орны бойынша ұсынуға, шетелге шығу кезінде визаны ресімдеуге, тұруға ықтиярхат алу үшін, ҚР азаматтығын алу, қайта алу не одан шығу үшін қажет, — делінген Ұлттық ақпарттық технологиялар АҚ таратқан мәліметте.
Қызметті алу үшін келесі қадамдарды орындаңыз:
еGov Mobile қолданбасында авторизация жасаңыз және “Жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту” бөліміне өтіңіз;
“Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру” тармағын таңдаңыз және қажетті өрістерді толтырыңыз.
Өтінімге Face ID/Touch ID арқылы қол қойыңыз.
Нәтижені Жеке кабинет тарихында тексеруге болады. Қызмет көрсету мерзімі – 10 минут, ал қосымша
тексеру қажет болған жағдайда – 5 жұмыс күніне дейін. Шетелге шығу үшін қажетті анықтамалар үшін мерзім де 5 жұмыс күніне дейін.
Біле жүріңіздер!📌
3️⃣ Париж-2024: Қазақстан жалпыкомандалық есепте 12-орында тұр.
ХОК ресми сайтының мәліметінше, көш басында әзірге Жапония тұр. Ал Қазақстан құрамасында үш медаль бар: дзюдошы Елдос Сметов алтын алса, тағы бір дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанған. Сонымен қатар мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтпаев үздік үштіктен көрінген болатын.
Күншығыс елінің өкілдерінде 12 медаль бар: алты алтын, екі күміс және төрт қола.
Екінші орынға 16 медалі бар Франция (5 алтын, 8 күміс және 3 қола) жайғасса, Қытай 12 медальмен (5 алтын, 5 күміс және 2 қола) үшінші орында келеді.
30 шілде күні Олимпиадада сегіз спорт түрінен 12 медаль жиынтығы сарапқа салынады: дзюдо, спорттық гимнастика, жүзу, семсерлесу, нысана көздеу, триатлон, үстел теннисі және регби-7 (әйелдер).
Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!🙌🏻