Олимпиада, Жас қанат, Интернет. 19 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 19 мая, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша ТМД елдері арасында көш бастады.

Рейтинг қорытындысы бойынша, Армения – 80-орында, Қырғызстан – 83-орында, Өзбекстан – 104-орында, Беларусь – 126-орында, Тәжікстан –129-орында.

«Жалпы, Қазақстандағы интернет жылдамдығы бір жылда 47,9%-ға артқан. Көрсеткіш 2022 жылдың сәуірінде секундына 20,7 мегабит болса, 2023 жылдың сәуірінде секундына 30,62 мегабитке дейін көбейген. Басқа елдермен салыстырғанда айырмашылық айтарлықтай байқалады», — делінген хабарламада.

Арменияда жылдамдық секундына 26,25 мегабитті, Қырғызстанда секундына 25,83 мегабитті, Өзбекстан мен Тәжікстанда секундына 20,9 және 11,38 мегабитті құрайды.
Агенттіктің мәліметінше, Орталық Азияда 2022 жылдың соңында «Tele2 Қазақстан-да» көрсеткіш жақсы болған. Мұндағы жылдамдық – секундына 27,25 мегабит.

Осылайша 72-орынға тұрақтады🔥

2️⃣ 1 маусым болатын «Жас қанат-2023» жас орындаушылар байқауының форматына өзгеріс енгізілді.

Бұрын «Жас қанат» үш күн бойы «минус 1» фонограммасымен өтетін. Енді олай емес. Биыл жас таланттар әр сайыс күні әртүрлі музыкалық сүйемелдеумен өнер көрсетеді деген шешім қабылданды. Байқаудың бірінші күні олар өз әндерін Александр Беляков жетекшілік ететін эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен шырқайды. Екінші күні «минус 1» фонограммасымен өнер көрсетеді. Ал үшінші күні оларды гитарист, аранжировкашы, композитор, музыкалық продюсер және дирижер Илья Башкатов басқаратын, құрамында 6 инструменталшы, 4 үрмелі аспапшы және 3 бэк-вокалист бар бэнд сүйемелдейтін болады.

Байқауда алғаш рет Гран-при тағайындалды! Бұған дейін «Жас Қанатта» небәрі 3 жүлделі орын болған. Енді «Азия дауысы» фестивалі мен «Жас қанат» байқауының негізін салушылар — Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев атындағы Гран-при пайда болды.

Сондай-ақ, «Жас Қанат 2023» аясында «ЖАС ҚАНАТ – БАЛАЛАР» бірінші республикалық балалар шығармашылығы байқауы өтеді. Жас дарындар екі номинация – вокал және сурет байқауы бойынша бақ сынамақ. Жарыс 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орайластырылып, сол күні басталады.

Қатысатын балаларыңыз бар ма?😍

3️⃣ ММУ-дың қазақстандық филиалы халықаралық олимпиадада жеңіске жетті.

Мәскеуде 15-19 мамыр аралығында халықаралық студенттік статистикалық фестивалі өтті. Іс-шараны ТМД Статистика комитеті, Ресей федералды мемлекеттік статистика қызметі, Г. В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты –статистика саласын насихаттау, ТМД елдерінің статистикалық білім беру саласындағы жетістіктерін көрсету, ТМД елдерінің кеңістігінде статистикалық қоғамдастық қалыптастыру.

Сондай-ақ, фестивальден басқа статистика бойынша халықаралық студенттік олимпиада өтті. Олимпиадаға 7 елден 12 команда қатысты: Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан. Бұл олимпиадаға Қазақстан атынан М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының және Нархоз университетінің студенттері шықты.
Олимпиада қатысушыларына статистика теориясы, әлеуметтік статистика, халық және еңбек статистикасы бойынша тестілеу түріндегі тапсырмалар мен «ТМД елдері студенттердің көзімен статистика айнасында (өз елдерінің мысалында)»тақырыбы бойынша командалық тапсырма ұсынылды.
Олимпиада қорытындысы бойынша М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының командасы бірінші орынға ие болды, Нархоз университеті «Кәсіби серпіліс» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.

Құтты болсын! 👏🏻