Қолжазба, Қалалар, Төлем. 19 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 19 Наурыз, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Ұлыбританиядан Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбалар табылды.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Ұлыбританияға ғылыми-зерттеу экспедиция жасап, Лондон, Оксфорд пен Манчестер қалаларындағы кітапханалар, архивтер мен ғылыми орталықтарда болды. Осы жерден мамандар 15 қолжазба мен 500-ге жуық архив құжатының көшірмесін алды.

«Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбаларды, сирек кітаптар мен көне құжаттарды анықтап, олардың көшірмелерін алу еліміздің Ұлттық архив қорын толықтыруға бағытталған. Ғылыми іссапарды лайықты деңгейде ұйымдастыруға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі қолдау көрсетті. Ғылыми іссапарды ұйымдастыру жұмыстары екі айға созылды.  Дайындық барысында шетелдік әріптестермен бірнеше кездесу өткізілді. Біз тарихи құжаттардың көшірмелерін алдық», – деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.

Манчестер қаласынан табылған құнды қолжазбалардың бірі – шамамен X-XII ғасырларда алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран кітабы. Түркі тіліндегі аудармасы Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» тіліне өте жақын. Кітаптың түркі-ислам мәдениеті үшін маңызы зор.

«Сондай-ақ маңызды қолжазбалардың бірі – араб тілінде библиографиялық бағытта жазылған ортағасырлық еңбек. «Китәб мақалаат әр – Рафииъа фии усул ъилм ат-табииъа» (Табиғат ғылымының негіздері жайлы жоғары мақалалар кітабы) кітабында Әбу Насыр әл – Фарабидің өмірбаяны мен қолжазбалары туралы мәліметтер бар.  Еуропалық зерттеуші ғалым Карл Броккельман өз еңбегінде қолжазба әл-Фарабиге тиесілі екенін атап көрсеткен», – деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан мамандарын Оксфордтың Бодлиан кітапханасынан ХІ ғасырдағы парсы тарихшысы Әбу Саид Абд-әл-Хайи-Гардизидің «Зейн әл-ахбар» еңбегі қызықтырды. Қолжазба 1049-1053 жылдар аралығында жазылған. Еңбекте 1032 жылға дейінгі парсы (исламға дейінгі) патшалардың, Мұхаммед пен халифалардың, сондай-ақ Хорасанның 1041 жылға дейінгі тарихы қамтылған. Үндістан, Азияның түркі тайпалары, орыстар, гректер арасындағы ғылым, дін, мерекелер туралы тараулар бар. Аталған қолжазбаның үзінділерін В.В. Бартольд «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» және «1893-1894 жылдардағы Орта Азияға сапар туралы есеп» еңбектерінде қолданған.
Ұлттық орталықтың қызметкерлері мен шетелдік ғалымдар қолжазбалар мен басқа да еңбектерге бірлескен зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.

Керемет!😍

2️⃣ Қазақстанда жаңа қалалар пайда болуы мүмкін.

Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанда қандай ауылдар қала мәртебесін ала алатынын айтты.

ҰЭМ баспасөз қызметі Қазақстанның қай ауылында 30 мыңнан астам адам тұратынын түсіндірді. Олардың барлығы 18.

Көпшілігі Маңғыстау облысында орналасқан:

Қызылтөбе ауылы – 30852 адам;
Атамекен ауылы – 34500 адам;
Маңғыстау ауылы – 35604 адам;
Басқұдық ауылы – 37 949 адам;
Рахат ауылы – 43 731 адам;
Бейнеу ауылы – 59238 адам.

Олардың тағы төртеуі Алматы
облысында орналасқан:

Қарғалы ауылы – 30 769 адам;
Өтеген батыр ауылы – 35 450 адам;

Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?)

3️⃣ 100 000-нан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты төлем алды.

2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 106,3 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 49,8 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 12 млрд теңге болды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

* eGov.kz порталында авторизациялану;
* «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
* онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
* бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
* егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Мемлекет көмек беріпті👍