Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Мектепте оқушыларға орамал тағуға рұқсат берілді
Бұл туралы құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Бұған дейін оқу-ағарту министрі мектепте оқушылардың бірыңғай формасына қатысты нақты бұйрық бар екенін ескерткен еді.
Ал соның салдарынан былтыр орамал тағатын жүздеген бала мектепке бармаған. Нәтижесінде бір топ құқық қорғаушы шектеудің заңсыз екенін дәлелдеген.
«Жоғарғы сот мұндай шектеулер балалардың білім алу құқығын бұзады деген шешім шығарды», — деп жазды адвокат Жаслан Айтмағанбетов өзінің парақшасында.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі осы ақпаратты растады.
«Шешім қабылданды. Қаулы 10 жұмыс күні ішінде шығарылады», — деді баспасөз қызметі.
Жоғарғы соттың шешімі шықты📌
2️⃣ Бұдан былай барлық науқас жедел жәрдемді түнгі уақытта шақыра алмайды
Бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталына қоғамдық талқылауға шығарылды. Оған сәйкес, жедел жәрдемді шақыратын адамдарды жағдайына қарай төрт санатқа бөледі.
Олар:
1-ші санаттағы шақыру: шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап ететін, өмірге тікелей қатер төндіретін пациенттің жай-күйі;
2-ші санаттағы шақыру: медициналық көмек көрсетусіз өмірге ықтимал қатер төндіретін пациенттің жай-күйі;
3-ші санаттағы шақыру: медициналық көмек көрсетусіз денсаулыққа ықтимал қатер төндіретін пациенттің жай-күйі;
4-ші санаттағы шақыру: пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қатер болмаған кезде, ағзалар мен жүйелердің кенеттен және айқын бұзылуынсыз, жіті аурудан немесе созылмалы аурудың шиеленісуінен туындаған пациенттің жай-күйі;
Бұдан былай 4-ші санаттағы шақыруларға тәулік бойы қызмет көрсетпеуге қатысты өзгеріс те бар. Ондай науқастар жұмыс күндері 08:00-18:00 аралығында, сенбі күні 08:00-12:00 аралығында жедел жәрдемді шақырта алады. Ал жексенбіде демалыс болады.
Бұйрық жобасында әрбір санат бойынша жедел жәрдемнің пациентке жету уақыты да белгіленген.
1 шұғылдық санаты — 10 минутқа дейін;
2 шұғылдық санаты- 15 минутқа дейін;
3 шұғылдық санаты — 30 минутқа дейін;
4 шұғылдық санаты- 60 минутқа дейін.
Ал аурухананың мобильді бригадасы 120 минуттың ішінде пациентке бара алады.
Ережеге өзгерістер енгізіліпті. Бұған не дейсіз?🤔
3️⃣ Енді рөлде бір тәулікте 9 сағаттан көп отырған жүргізушілерге айыппұл салынады
Көлік министрлігі автобустар мен жүк көліктері жүргізушілерінің демалыс режимін қаншалықты сақтап жүргенін тексеруге кірісті. Бұл министрліктің ресми сайты мәлім етті.
Қазіргі ережеге сәйкес, бір тәуліктің ішінде көлікті басқару ұзақтығы 9 сағаттан аспауы қажет. Ал көлікті төрт жарым сағат бойы үздіксіз басқарғаннан кейін кемінде 45 минут үзіліс жасалуы шарт. Бұның барлығын тахограф тіркеп отырады.
«Тахограф – бұл жүргізушінің еңбек және демалыс режимін, қозғалыс жылдамдығын, жүріп өткен жолын үздіксіз тіркейтін сандық құрылғы. Қалааралық және халықаралық тасымал барысында жүргізушінің режимді сақтамай, шаршауы немесе рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығын асыруы жол апатына басты себеп болып жатады. Ал тахограф жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — дейді көліктік бақылау комитетінің бас сарапшысы Күнайым Кәмиева.
Тексеріс шаралары 9 қазанға дейін жалғасады. Акция басталғалы бері жалпы сомасы 4 миллион теңгеден астам әкімшілік құқық бұзушылық туралы 218 хаттама рәсімделді.
Тахографты орнатуға міндетті көлік құралдары:
қауіпті жүктерді тасымалдайтындар;
жолаушыларды, багажды және жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдаумен айналысатындар.
Айппұлдың көлемі:
тасымалдаушы компанияға — 10 АЕК-тен 50 АЕК (36 920 — 184 600 тг);
көлік жүргізушілеріне — 10 АЕК (36 920 тг).
Жақындарыңызды құлаққағыс етіп қойыңыз!