Осы аптаның жаңа кинолары

Автор: редактор 25 апреля, 2025


«90+1» спорттық драма. Жас футболшы – ел үміт артқан дарынды ойыншылардың бірі. Сарапшылар оны ұлттық құраманың болашағы деп бағалап отыр. Алайда финалдық матч кезінде оның өмірі күрт өзгереді: дәл сол сәтте ата-анасы жол апатына ұшырайды. Әкесі оқиға орнында қаза табады, ал анасының өмірін аман алып қалу үшін қымбат ем қажет. Енді кейіпкердің алдында күрделі таңдау тұр – бала күнгі арманынан бас тартып, отбасына тірек бола ма, әлде қос бағытты қатар алып жүрудің жолын таба ма? Басты рөлдерде: Керемқұлов Қуаныш, Сакатов Алматы, Артур Асқарұлы, Рамазан Жаннұр.
Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=-cf4sRC1Ys4

«Гәп» комедиясы. Бес отбасы ай сайын кезек-кезек үйде бас қосып, сән-салтанаты келіскен дастархан жаяды. Уақыт өте келе бұл кештер бақталастықтың алаңына айналып, әр жұп өзгелерден асып түсуге тырысады. Бірде келесі кездесу иелері кештің Камбоджада өтетінін жария етеді. Алайда шетелдегі демалыс күтпеген оқиғалар тізбегіне ұласып, күлкіге толы, оқыс жағдайлармен жалғасады. Басты рөлдерде: Берік Айтжанов, Қанат Әлжаппаров, Нұргүл Даубаева, Құралай Анарбекова.
Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=O9TWc9qaYG0

«Қызыл дамбал» мелодрамасы. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан жапа шеккен бірнеше әйел бас қосып, “кек алушылардың” құпия тобына айналады. Олар бұрынғы күйеулерін тауып, жазалауға кіріседі. Бұл топтың айрықша белгісі – қызыл дамбал. Қоғамдағы үнсіз қасіретті бейнелеген бұл фильм – ауыр тақырыпты батыл көтерген ерекше туынды. Басты рөлдерде: Диана Сұлтанғазиева, Ержан Жаманқұлов, Гүлмира Хасанова, Жансая Құрманқызы. Жас рейтингі: 18+
Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=2nKS1EC6GwE

«Расплата 2» боевигі. Кристиан Вульф Қаржы министрінің жұмбақ өлімінің сырын ашу үшін қайта оралады. Тосын оқиғаның артында кім тұрғанын анықтау мақсатында ол туған бауырымен күш біріктіріп, заңсыз амалдарды да шебер қолданады. Күн өткен сайын олар шындыққа жақындай түседі. Бірақ осы сәтте қастарына қанішер қылмыскерлер түсіп, тергеуді тоқтатуға барын салады. Басты рөлдерде: Бен Аффлек, Джон Бернтал. Жас рейтингі: 18+
Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=5UZCdPUt_40

«Крутой поворот» триллері. Джош әйелі мен алты жасар ұлын ертіп, жаңа үйге көшіп келеді. Жаңа өмір тыныш әрі бақытты болады деп үміттенген отбасы кенеттен қайғылы оқиғаның куәсі болады: үй жанындағы қауіпті бұрылысқа келген көлік апатқа ұшырап, жасөспірім көз жұмады. Артынша дәл осындай апат қайталанып, Джош бұл жерді өзгелер үшін қауіпсіз етуге бел байлайды. Бірақ оның бұл әрекеті ақиқаттың тереңіне жетелеп, өзге сұмдықтарды ашуы мүмкін. Басты рөлдерде: Бен Фостер, Коби Смулдерс. Жас рейтингі: 18+
Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=9H_K0bBkOgU

«Коллекционер душ» триллері. Қыздарға арналған мектепте жоғалған оқушы қыздардың ісі елді елең еткізеді. Бір қыз өлі күйінде табылып, тергеу басталады. Қанішердің қалдырып кеткен белгі-жұмбақтары арқылы полиция ізге түседі, бірақ іс тығырыққа тіреледі: күдіктінің бірнеше тұлғасы, алайда бір ғана қолтаңбасы бар. Қылмыскер шынымен кім және ол қыздардың жанын не үшін жинайды? Басты рөлдерде: Жанин Чан, Ван Чуаньцзюнь. Жас рейтингі: 18+
Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=tdGbWZ0qSE8

«Как перевоспитать дракона» мультфильмі. Аспан патшалығында абыр-сабыр. Ұшқалақ су атбасы мен аңғал да батыл Айдаһарша жасырын күшке ие көне жәдігерлерді іздеуге аттанады. Бұл құпия артефакттерді Көктегі ханзада зұлымдардың көзінен жасырып қойған еді. Алайда енді оларды табу үшін екі достың басынан талай сынақ өтеді. Егер жәдігерлер жаман ниеттілердің қолына түссе – жер бетіне зор қауіп төнбек. Екеуінің бастан кешкен қызықты да қауіпті сапары күлкі мен шытырманға толы.
Трейлер мына жерде: https://www.youtube.com/watch?v=OFk8yqcQM38