Отбасы,Интеллект,Наурыз. 5 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 05 Сәуір, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Елімізде 58 мыңнан астам отбасы кедейліктен құтылды.

2023 жылы және 2024 жылдың бірінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алған 58 445 отбасы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кедейлік жағдайынан шықты.

Ведомствоның ақпаратынша, былтыр жалпы сомасы 59,4 млрд теңгеге 114,1 мың отбасы (598,4 мың адам), 2024 жылдың үш айында 7,8 млрд теңгеге 58,8 мың отбасы (312 мың адам) атаулы әлеуметтік көмек алды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлер арасында атаулы әлеуметтік көмек алатындардың ең көп саны Түркістан облысында – 27 мың отбасы (23,7%), Шымкентте – 12,7 мың отбасы (11,2%), Алматы облысында – 9,5 мың отбасы (8,3%), Қызылорда облысында – 9,4 мың отбасы (8,2%) тіркелген.
Ең азы Ұлытау – 538 отбасы (0,5%), Атырау – 1,1 мың отбасы (0,9%), Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1,6 мың отбасы (1,4%) байқалып отыр.

«АӘК алатындардың басым көпшілігі балалардың үлесіне келеді – 65,4% немесе 391,2 мың адам, жұмыс істейтін азаматтар – 15,1% немесе 90,6 мың адам; балаларды, қарттарды және мүгедектігі бар адамдарды күтетін адамдар – 12,4% немесе 74,2 мың адам; қалған 7,1%-ы азаматтардың басқа санаттарына жатады», – делінген хабарламада.

Айта кетері, АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдау көрсету және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:

табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру;

жұмысқа орналастыру жолымен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оқуға жіберу, өз ісін ашуға ынталанған отбасыларға гранттар беру және тағы басқа.

Жақсы жаңалық екен!👍

2️⃣ Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң жобасы әзірленіп жатыр.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Инновациялар дамыту департаментінің директоры Дархан Мырзабаев мәлім етті.

“Министрлік жасанды интеллект стратегияларын әзірлеу саласындағы халықаралық тәжірибені талдау негізінде жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын қалыптастырды. Тұжырымдама жобасы қазіргі ахуалды талдауды, халықаралық тәжірибеге шолуды, жасанды интеллектті дамытуды іске асыруды пайымдауды, дамудың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін, нысаналы индикаторларды және күтілетін нәтижелерді қамтиды. Сондай-ақ тұжырымдама жобасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары көзделген”, – деді Дархан Мырзабаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Елге тағы қандай заңдар қажет деп ойлайсың?🤔

3️⃣ Қазақстанда “Наурыз” тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады.

Биыл мамырда елімізде тағы бір тұрғын үй ипотекасы ашылады. Жаңа тұрғын үй бағдарламасының талаптары мен ережелері туралы «Отбасы банкінің» өкілдері айтып берді.

“Наурыз” ипотекасының басқа тұрғын үй бағдарламаларынан басты айырмашылығы – салымшының депозит (Отбасы банкіндегі депозит) мерзіміне қарамайды, яғни бүгін депозит ашып, ертең бағдарламаға қатысуға болады. Бірақ депозитте кем дегенде 1 млн теңге болуы тиіс. Тағы бір талап қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік (тұрғын үй, жер телімі тағы сол сияқты) болмауы қажет.
Несие мерзімі – 19 жыл (20%). Тағы бір айта кететін жайт, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға несие 7%, ал кезекте тұрмағандарға 9% беріледі. Тұрғын үй бағдарламасына 18-62 жас аралығындағы Қазақстан азаматы қатыса алады. Сондай-ақ, қатысушы “Отбасы банкінде” депозиті бар салымшы болуы және табыс көзін растауы міндетті.

Өтініш 2024 жылғы 1 мамырдан бастап otbasybank.kz (баспана маркет платформасы) сайты арқылы онлайн форматта қабылданады. Өтініштерді қарау барысында депозиттің ашылу мерзімі, ондағы сома мен сыйақы көлемі және қатысушының отбасылық жағдайы ескеріледі.

“Отбасы банкі” өкілдерінің айтуынша, “Наурыз” тұрғын үй ипотекасына 300 млрд теңге бөлінеді және тұрғын бағдарламасы 7-8 жылға жалғасады. Айта кетсек, Астана, Алматы, Шымкент қаласы және облыс орталықтарында тек алғашқы нарықтағы тұрғын үйлер ұсынылады.

Тағы бір тұрғын үй ипотекасы ашылмақ🔥