Оян, қазақ! Алтын, Фильм. 6 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 06 Қазан, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің көрсетілімі бір аптаға ұзартылды.

Бұл туралы филмнің режиссері Мұрат Есжан әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Қуанышты жаңалық! Қалың көрерменнің қалауы болып, “Оян, қазақтың” кинотеатрлардағы көрсетілімі тағы бір аптаға ұзартылды! Енді талабымызға қадамымыз сай боп, келесі аптаны да аншлаг жасайық! Кинотеатрлар да сұранысты көрді ғой, мүмкін сеанстар санын бұдан да ұлғайтар! Мемлекеттің жұмсаған қаржысы ақталған (фильм 100 пайыз мембюджетке түсірілген) алғашқы тарихи жоба болса деген тілек бар», – деп жазды режиссер.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде фильмнің прокаттан алынып тасталуы қоғамдық резонанс тудырды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмін прокаттан алып тастау себебін түсіндірді.

Телерадиокорпорацияның баспасөз хатшысы Айдын Дүйсенбайқызының айтуынша, келісімшарт әу баста екі аптаға жасалды. 15 күнде фильмді 140 мыңнан астам адам көріп үлгерді.

Ал сіз фильмді тамашалап үлгердіңіз бе?🎞️

2️⃣ Азия ойындарында Қазақстан қоржынына тоғызыншы алтын түсті.

Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында Қайсар Алпыспай алтын медальға қол жеткізді.

«60 келіде ел намысын қорғаған каратеші Қайсар Алпысбай финалда Кувейт елінің спортшысы Абдулла Шаабахты жеңіп, ел қоржынына тоғызыншы алтын жүлдені салды», – деп хабарлайды туризм және спорт министрлігі.
Енді Қазақстан қоржынында 66 медаль бар.

Құтты болсын!🔥

3️⃣ Қазақстандық үш фильм «Азиялық Оскар» деп аталатын беделді Asia Pacific Screen Awards сыйлығына үміткерлер қатарына кірді.

Олар: «Қаш», «Ағайынды» және «Бауырына салу» картиналары.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мәліметінше, Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» картинасы бірден екі номинацияда ұсынылған – «Үздік фильм» және «Үздік операторлық жұмыс». Басты номинацияда ол Жапониядан, Қытайдан және Грузиядан келген картиналармен таласқа түседі, олардың арасында биылғы Венеция кинофестивалінде Қазылар алқасының арнайы жүлдесін алған Рюсуке Хамагутидің «Зұлымдық жоқ» атты туындысы да бар.
Ал Дархан Төлегеновтың «Ағайынды», Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» картинасы «Үздік режиссер» және «Үздік жастар фильмі» номинацияларына ілікті. Әсіресе Төлегеновтың номинациясында ерекше тартыс болайын деп тұр, себебі онда жоғарыда айтылған Хамагути мен 2023 жылғы «Сандэнс» және Берлин кинофестивальдерінің қатысушысы Селин Сон бар.

«Қаш» фильмі қазақ даласындағы 30-шы жылдардағы ашаршылық кезіндегі халықтың қиын тағдыры туралы баяндайды. Қабір қазушы Исатай өз ауылын құтқару үшін қауіпті миссияға барады, бірақ жолда оған кезбе адам кездесіп, оны адастырады. Айта кетері, Айсұлтан Сейітов жазда Шанхай халықаралық кинофестивалінде осы жұмысы үшін «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды.

«Ағайынды» фильмін Максим Акбаровтың Golden Man Media компаниясы шығарған. Өткен жылдың қыркүйегінде фильм Германиядағы Oldenburg International Film Festival фестивалінде «Кино рухы» сыйлығын жеңіп алған болатын, ал осы жылдың сәуір айында Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы бұл картинаны 2022 жылдың «Үздік драмасы» деп таныды. Сонымен қатар «Ағайынды» – Италия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания және Болгариядағы халықаралық кинофестивальдерде 10 марапатқа ие болды.

«Бауырына салу» фильмі сәби кезінен әжесінің тәрбиесінде болған баланың оқиғасын баяндайды. Туындының таныстырылымы жақында ғана Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен беделді кинофестивальде өтті.
Осы жылы 16 рет өткізілетін беделді халықаралық Asia Pacific Screen Awards сыйлығының жеңімпаздары 3 қарашада Австралияда жарияланады. Өткен жылдардың жеңімпаздарының қатарында белгілі қазақстандық режиссер Әділхан Ержанов бар. APSA киносыйлығын ЮНЕСКО, Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының федерациясы және Брисбен қалалық кеңесі ұйымдастырады.

Жеңіс тілейміз!😍👍