Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.
Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️
1️⃣ Қазақстанда жас жұбайлардың денсаулық паспортын енгізу ұсынылды.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
«Әрбір әйел – әрбір бала» ана мен бала денсаулығын сақтау тұжырымдамасының жобасында «Отбасылық жұптардың денсаулық паспорты» жобасын әзірлеу және іске асыру көзделген. Ол некеге тұрғанға дейін қыздар мен жігіттерді ерікті профилактикалық тексеруді көздейді.
«Бұл жобаны іске асырудың мақсаты – ана өлімінің дамуына әсер ететін кейбір ауруларды анықтау, жастардың репродуктивтік және соматикалық денсаулығын сақтау және нығайту, жыныстық жолмен берілетін генетикалық, соматикалық және инфекциялық ауруларды уақтылы ерте анықтау және жүктілікті жоспарлаудан бұрын емдеуді бастау», — деп мәлімдеді министрлік.
Ведомство ақпаратынша, елімізде сәби өлімі жағдайларының 58,7%-і – дене салмағы 2500 грамнан аз шала туған нәрестелер; ана өлімінің барлық жағдайының 46%-і әйелдің әртүрлі созылмалы ауруларына байланысты.
Сонымен қатар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралу проблемасы бар, олар адамның денсаулығына, болашақ ұрпақтың денсаулығына әсер етеді. Қазақстанда АИТВ-инфекциясының барлық жаңа жағдайының 74,7%-і жыныстық жолмен берілуіне байланысты , ал үш негізгі ЖЖБИ – мерез, гонорея және трихомониаздың таралуы ресми статистикаға қарағанда 3-3,5 есе жоғары.
Жоба шаңырақ көтергелі жүрген қыз-жігіттердің медициналық тексерістен өтуін көздейді.☝🏻
Ұсынысты қолдайсыз ба?🤔
2️⃣ Семсерлесуден Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы Әлем кубогында 34:20 есебімен тарихи жеңіске жетті.
Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов хабарлады.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалықты бөлісіп, команданы құттықтады.
Спортшыларымыз командалық жарыста топ жарып, алтын медаль алды. Түркияда өткен біріншілікте 45 елден келген 350 семсерлесуші жүлдеге таласты. Құрамында Руслан Курбанов, Эльмир Əлімжанов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай өнер көрсеткен біздің команда Әлем кубогын жеңіп алды.
«Біздің жігіттер үшін жарыс жолы оңай болған жоқ. Алдымен Колумбия құрамасын (45:41) жеңген отандастарымыз, кейін итальяндық спортшылардан (45:31) басым түсті. Аргентина құрамасына қарсы ширек финалда (45:44) жеңісті соңғы сәтте жұлып әкетіп, жартылай финалда испандықтарды (45:32) айқын басымдықпен ұтты», — деп жазды ол.
Финалдық жекпе-жекте сайыпқырандарымыз Нидерланды құрамасының спортшыларымен семсерлесті. Алтын медель үшін кездесуде Қазақстан құрамасы 34:20 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті.
«Қазақстан құрамасын және барлық спорт жанкүйерлерін Әлем кубогындағы тарихи нәтижемен құттықтаймын. Жігіттерге қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, жаңа спорттық шыңдарды бағындыруды тілеймін. Сондай-ақ чемпиондарымызды дайындаған ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына алғыс айтамын!», — деді министр.
Жеңіс құтты болсын!👏🏻👏🏻👏🏻
3️⃣ Осы жылы Алматы мектептерінде соңғы қоңырау 1 маусымда өтеді.
Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу жылы 2023 жылдың 31 мамырында аяқталады. Соңғы оқу күнінде жалпы білім беретін мектептер бекітілген кесте бойынша сабақтар өткізіп, оқу күнін сынып сағатымен аяқтайды.
«Біз Оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты іс-шараны өткізуге қатысты барлық мектеп дәстүрлерін қолдай отырып, мектептердің салтанатты жиын өткізу туралы шешімнің дербес қабылданатынын хабарлаймыз», — деп толықтырды қалалық білім басқармасының өкілі.
Биыл 14 мыңнан астам түлек 11-сыныпты бітіріп жатыр.😍