Петиция,Ұбт,Құрбан айт. 7 маусымның топ жаңалықтары

Автор: редактор 07 Маусым, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Елімізде уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинады.

Елімізде уақыттың бір сағатқа өзгеруіне қарсы петицияға 50 мың адам дауыс берген.

E-Petition.kz ресми порталында жарияланған Қазақстандағы уақыт белдеуінің өзгеруіне қарсы петиция қарау үшін қажетті дауыс санын жинады.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-4-бабына сәйкес, 50 мың қол жинауына байланысты петиция өз құзыреті бойынша қарау үшін сауда және интеграция министрлігіне беріледі.

Сауда министрлігі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-5-бабына сәйкес өтінішті қарау мерзімі ол тіркелген күннен бастап 40 жұмыс күніне дейін екенін хабарлады.

«Сауда және интеграция министрлігі мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестік өкілдерін қамтитын жұмыс тобын ұйымдастырады. Өтінішті қарау процесі заң талаптарына сәйкес жүргізіледі», – делінген хабарламада.

Сіз уақыт белдеуін кері қайтаруға байланысты петицияны қолдайсыз ба?🤔

2️⃣ Қазақстандықтарға Құрбан айтта демалыс берілмейді.

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айтқа қатысты маңызды мәлімдеме жасады.

Бұған дейін 17 маусымда қазақстандықтар қосымша бір күн демалатыны хабарланған болатын. Өйткені Құрбан айттың бірінші күні осы күнге сәйкес келген еді. Алайда бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мерекенің бір күн бұрын – 16 маусымда басталатынын хабарлады.

Биыл Құрбан айттың алғашқы күні жексенбіге түсіп тұрғандықтан, қазақстандықтарға қосымша демалыс берілмейді.

Ал қолданыстағы заңға сәйкес, діни мейрам демалыс күндерге түссе, демалыс басқа күнге ауыстырылмайды.

Астанада құрбандық шалу орындары анықталды:

«Шанхай» базары,
«Баракат» базары (А-369 көшесі, 10),
«Жайлау» базары (С-754 көшесі, ғимарат, 1),
«Шолпан-ата» базары («Алаш» тас жолы, 27/2),
Темір жол ЖМ (Ақжар көшесі, 20).

Ауыл шаруашылығы жануарлары сою пункттерінде, ет өңдеу кәсіпорындарында немесе сою алаңдарында сойылуға тиіс.

Осылайша дүйсенбі жұмыс күні болып есептеледі📌

3️⃣ ҰБТ-ның аралық қорытындысы жарияланып, шекті балды 75% талапкер жинағаны белгілі болды.

Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 114 мың рет тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 110 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 75% талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 68 балды құрады. Ең жоғары балл – 138, оны Түркістан облысының талапкері жинады.

Тестілеу аяқталғаннан кейін әрбір талапкер қандай тақырыптар бойынша қателіктер жібергенін көріп, тақырыптық талдау алады.

«Үш аптаның қорытындысы бойынша «Оқу сауаттылығы» пәнін ең жақсы тапсырды. Орташа есеппен сұрақтардың 75%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлер тек 36% тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Механикалық толқындар» тақырыбы қиын болды», – деп жазылған хабарламада.

Осылайша ҰБТ нәтижелері бойынша тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжей талдау да қолжетімді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға үш аптаның ішінде 387 талапкер қатысты.

Бүгінгі таңда 207 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 152 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 50 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 5 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Барлық түлекке сәттілік тілейміз! Грант иегері атануына тілектеспіз!🙌🏻