Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Алматы мектептерінде мұғалімдерге көмекші ретінде жасанды интеллект көмектесуі мүмкін.
Бұл туралы inform.kz мәлімдеді. Алматыда 2024-2025 оқу жылының қарсаңында “Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру” тақырыбында педагогтердің қалалық тамыз саммиті өтті.
Педагогтар саммитінде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаладағы барлық мектеп оқушылары қосылған TopIQ.kz платформасы арқылы «Жеңіл портфель» жобасы сәтті жүзеге асқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, цифрлық оқулықтарды енгізу жаңарған ақпаратқа жылдам қолжеткізуге және оқу материалдарын түсінуді жақсартатын интерактивті элементтерді қамтуға мүмкіндік берді.
– Оқушылардың дамуына көмектесу үшін жаңа оқу жылында жасанды интеллект негізінде «виртуалды репетитор» енгізу жоспарланып отыр. Пилоттық жоба сәтті болса, жаппай қолданысқа енгізілуі мүмкін, — деді Ерболат Досаев.
Бұған не дейсіз?
2️⃣ Қазақстанда пойыз билеттерінің бағасы өзгереді.
Елімізде 140 жолаушылар пойызы бар, тарифтердің көтерілуі соның 62-сіне әсер етеді, деп хабарлайды көлік министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, тарифтерді көтеру автокөлік паркін жаңарту, көрсетілетін қызметті жақсарту және қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін қажет.
Сондай-ақ министрлік соңғы 10 жылда әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдау бағасының өсуі байқалмағанын (инфляция деңгейіне индекстеуді қоспағанда) атап өтті.
«Жолаушылар вагондарының паркі 2 667 бірлікті құрайды, оның тозуы 44 пайызға жетті. Вагондар паркін жаңартуды жеке тасымалдаушылар да, ұлттық тасымалдаушылар да жүзеге асырады. Мәселен, 2023 жылы 118 вагон, 2024 жылы 140 вагон сатып алынды. 2025 жылдан бастап жыл сайын 200-ден астам вагон сатып алу жоспарлануда, 2030 жылға қарай сатып алу 1200 бірлікті құрайды», — деп жазды министрліктен.
Енді билет бағасы қымбаттамақ
3️⃣ДСМ маймыл шешегінің өршуіне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады.
Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Конго Демократиялық Республикасында маймыл шешегінің өршуіне және аурудың көршілес елдерге таралуына байланысты шетелге шығатын қазақстандықтарға ескерту жасады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, маймыл шешегі – Poxviridae тұқымдасына жататын вирустық ауру. Аурудың инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін болуы мүмкін. Негізгі клиникалық белгілері: қызба, бөртпе, тамақ ауруы, бас ауруы, бұлшықет және арқа ауруы, лимфа түйіндерінің ісінуі.
Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда маймыл шешегіне шалдығудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Республика аумағына инфекцияның енуіне жол бермеу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Санитарлық карантиндік пункттерде аса қауіпті ауруға күдікті науқасты мемлекеттік шекарадан өткізуге жол бермеу шаралары қабылданған.
Министрлік елімізде инфекцияның таралуын болдырмау үшін эндемиялық елдерге баратын қазақстандықтарға:
— ауру адамдармен және ауру жануарлармен (маймылдар, егеуқұйрықтар, тиіндер және басқа да жабайы жануарлар вирус тасымалдаушылары болуы мүмкін) байланыста болмау;
— қорғаныс құралдарын пайдалану. Жануарларға жақындағанда немесе оларға күтім жасағанда, әсіресе зертханалық жағдайларда, қорғаныс киімдерін, қолғаптарды және маскаларды пайдалану;
— гигиенаны сақтау. Қолды үнемі сабынмен жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдану;
— бөртпе, безгек, бас ауруы және шаршау сияқты белгілер пайда болса, диагнозды анықтау және емделу үшін дәрігерге жүгіну қажеттігін ескертті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус маймыл шешек індетін халықаралық деңгейдегі денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп атады.
14 тамыз күні Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) маймыл шешегінің өршуіне байланысты төтенше жағдай жариялады.
«Бүгін төтенше жағдайлар бойынша комитет жиналып, маған болып жатқан жағдайдың халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай екенін айтты. Мен бұл кеңесті қабылдадым», – деді ДДСҰ басшысы Гебрейесус.
Абай болыңыздар!