Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңызға бүгінгі күннің кезекті ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз!✔️
1️⃣ Енді әкімшілік құқық бұзғандар қоғамдық жұмысқа жегілуі мүмкін
Сенат депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. Басты жаңалық – әкімшілік жаза ретінде қоғамдық жұмыстарды енгізу.
Сенат отырысында депутат Евгений Больгерт бұл бастаманың Қылмыстық кодексте бұрыннан қолданылып келе жатқан тәжірибеге ұқсас екенін атап өтті. Онда қоғамдық жұмыстар жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын, арнайы біліктілікті қажет етпейтін, тегін әрі қоғамға пайдалы істер ретінде қарастырылады. Енді осындай механизм әкімшілік жазалар үшін де ұсынылып отыр.
Қоғамдық жұмыстар ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарды ластау, қоғамдық орындарда мазалау және басқа да құқық бұзушылықтар үшін тағайындалуы мүмкін. Алайда белгілі бір санаттағы азаматтар мұндай жазадан босатылады.
Заң жобасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша мәжбүрлі келтіру тәртібін, жаңа мән-жайлар бойынша істерді қайта қарау тәртібін және кейбір құқық бұзушылықтарды сотқа жеткізбей-ақ мемлекеттік органдар құзыретіне беру тәртібін жетілдіруді көздейді.
Өзгерістер 246 бап пен 247 әкімшілік құқық бұзушылық құрамын қамтиды. Персоналдық деректерді қорғау, еңбекті қорғау қауіпсіздігі ережелері, қоғамдық орындарды ластау және шұғыл қызметтерге жалған қоңырау шалу туралы заңнамаларды бұзғаны үшін жазалар күшейтілді.
Сонымен қатар, 12 бап бойынша, мысалы, көлік тоқтату ережелерін бұзу және әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесін асыру бойынша жазалар жеңілдетілді.
Сондай-ақ, есірткі мен психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну және банк заңнамаларын бұзу бойынша жауапкершілікті қарастыратын жаңа баптар енгізілді.
Тәртіп сақтап жүріңіздер!📍
2️⃣ Жаңа жыл қарсаңында полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне көшті
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері күшейтілген қызмет режиміне көшті.
Ішкі істер министрі қызметкерлерге қоғамдық тәртіпті қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Осы мереке күндері біздің азаматтар отбасымен және жақындарымен демалады. Сондықтан сіздер қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етіп, «заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға тиіссіздер», — деп атап өтті министр Ержан Саденов.
Министр өңірлерде гарнизондық жиындар өткізу туралы тапсырма берді.
«Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді, мерекелік шаралар өтетін орындарға нарядтардың жақын орналасуын, орталық алаңдарды, адам көп жиналатын жерлерді, отшашуға арналған орындарды бақылауда ұстауды тапсырамын. Жедел басқару орталығы тәулік бойы визуалды бақылауды қамтамасыз етіп, кез келген оқиғаға жедел ден қоюы қажет», — деді Ішкі істер министрі.
Айта кетейік, жаңа жыл түні 32 мыңнан астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері кезекшілікке шығады. Олардың 12 мыңы мерекелік шаралар өтетін орындарға жақын жерде болады.
Абай болыңыз!✔️
3️⃣ Қазақстанда тамаққа аз ақша жұмсайтын өңірлердің үштігіне Шымкент, Қызылорда және Түркістан облыстары кірді
Қазақстанда халықтың азық-түлікке шығаратын шығындары артып келеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл үшінші тоқсанда әрбір қазақстандық орташа есеппен бір айда азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға 135,2 мың теңге жұмсаған. Бұл өткен жылдың дәл сол кезеңімен салыстырғанда 6,7 процентке артық. Өңірлердің ішінде тамаққа көп ақша шығаратын тұрғындар:
Алматы қаласыда – 186,7 мың теңге;
Астана – 160,4 мың теңге;
Шығыс Қазақстан облысы – 150,6 мың теңге.
Ал тамаққа аз ақша жұмсайтын өңірлердің үштігіне Қызылорда мен Түркістан облыстары, сондай-ақ, Шымкент қаласы енді. Ол жақта бір адам тамаққа шамамен 104,6 мың теңге шығарады.
Қазақстандықтар тамаққа кететін ақшаның үштен бір бөлігін етке жұмсайды. Бір адамға шамамен 44,4 мың теңге кетеді.
Басқа тауарлар:
нан мен жарма өнімдері— 20,5 мың теңге;
сүт өнімдері — 14,6 мың теңге;
көкөніс — 12,5 мың теңге;
қант мен кондитерлік өнімдер — 9,7 мың теңге.
Ал сіз ай сайын қанша ақша жұмсайсыз?🤔
Тег: Әкімшілік құқық, қоғамдық жұмыс, жаңа жыл, 2025, полиция, тамақ, Шымкент, Қызылорда, Түркістан