Полиглот, Қызылша, Олимпиада. 2 қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 02 Қараша, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақстанда 5 және одан да көп тілді білетін полиглоттар Алматы қаласында екені анықталды.

Ұлттық статистика бюросы 35 пайыздан аса немесе 6 миллионнан аса қазақстандық ағылшын тілін білетінін айтты.

2021 жылғы халық санағы бойынша 5 жастан асқан халықтың 44,9 пайыз екі тілді, 28,6 пайызы – үш тілді меңгерген. Санақ қорытындысы бойынша тағы 1,7 пайыз 4 тілде сөйлейді, 5 тілді халықтың 0,2 пайызы біледі. 6 тілді білетін полиглоттардың үлесі 0,1 пайыз немесе 8 845 адам.

Қызықты дерек: ерлерге қарағанда 4-5 тілді меңгерген әйелдердің үлесі басым, сәйкесінше 47,9 пайыз және 52,1 пайыз. Бірақ 6 және одан да көп тілді білетін ерлер үлесі, керісінше, әйелдердің үлесінен асып түседі – 55,6 пайыз.

Өңірлік бөліністе 5 және одан да көп тілді білетін полиглоттар Алматы қаласында.

Бұл ретте 35,1 пайыз немесе 6 042,1 мың адам ағылшын тілін біледі, оның 27,6 пайыз – еркін сөйлейді.
Жас сегментінде ағылшын тілін білетіндердің үлесі 10-14 жас және 25-29 жас аралығында көп.

Ал сіз неше тілде еркін сөйлейсіз?😍

2️⃣ Елімізде қызылшаға байланысты қосымша вакцинация жүргізіледі.

Елімізде жыл басынан бері 11 мың адам қызылша ауруымен тіркелген. Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев олардың басым бөлігі түрлі себептермен екпе алмаған 14 жасқа дейінгі балалар екенін атап өтті.

Оның айтуынша, екпе алмаған балалар не медициналық тұрғыдан қарсы көрсетілім туралы қағаз алғандар, не ата-аналары интернеттегі жалған ақпараттың әсерінен екпеден бас тартқан.

Ал аурудың алдын алу үшін
бас мемлекеттік санитария дәрігері 6 айдан 11 айға дейінгі балаларға қосымша вакцинация жүргізу туралы шешім қабылдады. Қала берді қосымша вакцинация 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар арасында жүргізіледі.

Себебі қызылша жұқтырғандар саны артып барады.☝🏻 Абай болыңыздар!🙌🏻

3️⃣ Қазақстанда алғаш рет биологиядан халықаралық олимпиада өтеді.

Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елімізде тұңғыш рет әлемдік ең беделді 7 олимпиаданың қатарына кіретін биологиядан халықаралық олимпиада (IBO) өтетінін айтты.

Олимпиада 2024 жылы Астана қаласында өтеді.

Сонымен қатар қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын азайту үшін биыл алғаш рет ауыл мектептері оқушылары арасында Республикалық олимпиада өткізу жоспарланып отыр.

Бейсембаев оқушылардың әлеуетін дамыту үшін былтыр заңнамалық деңгейде Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған мұғалімдерге материалдық сыйақы төлеу нормасы енгізілгенін атап өтті.

Алтын медаль үшін 1500 АЕК, күміс медаль иегерлеріне 1000 АЕК, «қола» алғандарға 500 АЕК төленеді.

Қатысып, бақ сынауға керемет мүмкіндік!👍