Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңызға бүгінгі күннің кезекті ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз!✔️
1️⃣ Димаштың польшалық жанкүйерлері алғашқы “Поляк-қазақ тілашарын” шығарды
Dimashnews агенттігінің мәліметінше, Польшадағы Димаш Құдайбергеннің Фан-клубы алғашқы “поляк-қазақ тілашарын” шығару арқылы мәдени байланыстарды нығайтуды көздейді. Бұл кітап – Қазақстанның қазақ тілі мен мәдениетін насихаттауға бағытталған екі жылдық жұмыстың нәтижесі.
Тілашар шығару идеясы “Димаш радиосында” өткізілген қазақ тілі курстары аясында басталды. Радио тыңдармандары осы курстың арқасында Қазақстанға сапар шегу сияқты тақырыптарда негізгі сөздер мен сөз тіркестерін үйренді. Курстар алматылық оқытушы Беглан Шарымбаевтың көмегімен өткізілді. Ол фан-клубқа сабақ өтіп, қазақша дұрыс сөйлеуді меңгеруге көмектесті.
Оқуды жеңілдету үшін поляк тіліндегі қазақ сөздерінің фонетикалық транскрипциясын дайындау – осы оқу процесінің ерекшелігі болды. Уақыт өте келе қатысушылар барлық жинақталған материалдарды біріктіріп, кітап шығаруға шешім қабылдады.
Сөздікті әзірлеуге: қазақ тілі оқытушысы – Беглан Шарымбаев; иллюстратор – Ивона Опара-Стахолец; корректор – Ула Влодарск; қазақ тілі курстарының авторы, сонымен қатар, жүргізушісі – Тереза Конколқатысты.
Тілашар Димаштың жанкүйерлерін қазақ тілінің негіздерімен таныстырып қана қоймай, әртүрлі иллюстрациялардың арқасында оқу процесін жеңілдетеді. Авторлардың пікірінше, шағын кітап саяхатшылар үшін Қазақстанның көркем жерлерімен танысуға пайдалы нұсқаулық сонымен қатар, Димаштың жанкүйерлерін оның мәдениетін тереңірек зерттеуге шабыттандырады.
Тамаша!🔥
2️⃣ 2025 жылдан бастап “Наурыз” бағдарламасымен 10 % жарна салу арқылы, ипотекаға үй алуға болады
Отбасы банк басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова үй алу бойынша қандай өзгерістер енгізілетінін атап өтті.
2025 жылы банк “Наурыз” бағдарламасы аясында 300 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлуді жоспарлап отыр.
“Қазіргі уақытта тұрғындардың басым бөлігі жөндеу жұмыстарына шығындалмай, дайын пәтер алуды қалайды. Осыған байланысты банк құрылыс компанияларының қауымдастығымен келіссөздер жүргізді. Жаңа жүйе аясында пәтерлер арнайы порталға дайын күйінде орналастырылады. Сатып алушылар оларға небәрі 10 пайыздық алғашқы жарнасын төлеп, қол жеткізе алады. Бұл механизм 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады”, – деп атап өтті Ибрагимова.
Банк төрайымының сөзінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 45 миллиард теңгені қайта айналымға шығару жоспарланып отыр. Екінші тоқсанда пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің сұранысына байланысты қосымша 80 миллиард теңге бөлінбек.
“Бұл соманы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға бөлу көзделуде. Бұдан бөлек, нарықтағы баспана бағасының өсуіне жол бермеу үшін «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары аясында жаңа механизмдер енгіздік. Құрылысшылар пәтерлерін порталға орналастырғаннан кейін 12 ай бойы олардың бағасын өзгертуге болмайды. Қазіргі уақытта порталға 19 мыңға жуық пәтер енгізілді”, – деді Ибрагимова.
Сонымен қатар бағдарламаға қатысушылардың депозитінде кемінде 2 миллион теңге болуы тиіс екені айтылды.
Отбасы банк біраз өзгеріс енгізіпті👍
3️⃣ “Жас Қанат. Балалар — 2024” байқауының жеңімпаздары анықталды
Алматыда “Жас Қанат. Балалар-2024” атты екінші республикалық балалар шығармашылығы байқауы өтті. Биыл конкурсқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды балалардан 130 өтінім келіп түсті. Солардың ішінен 17 үміткер финалға өтті.
Биылғы байқауға қатысушылар деңгейі өте жоғары болғандықтан, кәсіби қазылар алқасы жеңімпазды анықтау барысында біраз қиналды. «Жас Қанат. Балалар-2024» байқауының қазылар құрамында еліміздің атақты өнер жұлдыздары: Қазақстан Республи-касының еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Абдуллин, Айгүл Бабаева және Жәмилә Серкебаева, композитор Артық Тоқсанбай, әнші, продюсер, «Жас Қанат» байқауының 2000 жылғы лауреаты Нұргүл Нұғыманова, эстрада жұлдызы Парвиз Назаров және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Медеу Арынбаев болды.
Байқау нәтижесі бойынша үшінші орынға Қарағанды қаласынан келген 13 жастағы Ансар Абдурахман ие болды. Ал екінші орынды 13 жасар алматылық София Балғазина жеңіп алды. Бірінші орын Талдықорған қаласынан келген 12 жастағы Інжу Есімжанға бұйырды. Оны мамандар қазірдің өзінде болашақ Бибігүл Төлегенова деп атап жүр. Ал «Жас Қанат. Балалар-2024» байқауының Бас жүлдесін Алматы қаласының тұрғыны, 13 жастағы Азат Сүндетбек жеңіп алды.
Сонымен қатар, байқау аясында бірнеше арнайы номинациялардың жеңімпаздары мен дипломанттары анықталды. «Үміт» арнайы жүлдесі алматылық Қуаныш Баймұхамбетовке табысталды. Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін «Азия Дауысы» қорының арнайы сыйлығын Алматы тұрғыны Ханшайым Пышан иеленді. Дарынды шығармашылығы мен авторлық әнді үздік орындағаны үшін Давид Чарлин де марапатталды. Ол байқау барысында өз туындысын орындады. Instagram арқылы дауыс беру нәтижесінде Қарағандыдан келген Ансар Абдурахман «Көрермендер көзайымы» жүлдесін алды. Алматы қаласының әкімі атынан арнайы сыйлық қарағандылық Ажар Әбдішеваға берілді. Бұл сыйлыққа 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы қосылды. Ерекше дипломдармен Ажар Әбдішева, Мәді Нұрботалы және Қаусар Бекбосын марапатталды. Ерекше атақтарға ие болған барлық дипломанттарға 50 мың теңгеден сыйақы берілді.
Қазылар алқасы мүшелері де назардан тыс қалмады. Медеу Арынбаевқа отандық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Мұрат Ирғалиев пен Александр Пономарев атындағы арнайы жүлде табысталды.
«Жас Қанат. Балалар-2024» аясында жас мобилографтардың конкурсы өтті. Жеңімпаздар жаңа смартфондар мен фирмалық мерчтер ұтты. Ал дәстүрлі сурет конкурсына еліміздің түкпір-түкпірінен 206 жұмыс қатысып, оның 126-сы финалға өтті. Нәтижесінде 3 лауреат және 11 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.
Жұмыстар шығармашылық ойлау, өзіндік ерекшелік, түс қанықтығы, орындалу шеберлігі мен ұлттық колоритті бейнелеу сияқты критерийлер бойынша бағаланды.
Dalanews экожүйесі бірнеше жылдан бері «Жас Қанат» байқауының ақпараттық демеушісі болып келеді.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз!😍