QR, Құжат, Сот. 22 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 22 Қаңтар, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда робот сот орындаушысы іске қосылды.

Әділет министрлігі республикалық жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп, Тараз қаласында оңтайландырылған атқарушылық өндірісті енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.

Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда, айыппұлдың 25%-ға дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегін атқарады.
Жаңа жобаның арқасында ел азаматтары 2 млрд теңгеге дейін үнемдей алады.
Жүйе алгоритмі мына тәртіппен жұмыс істейді:

1. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 50 күн ішінде төленбеген әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл сомасын өндіріп алу туралы ұйғарым жібереді.
2. Робот 5 күнтізбелік күн ішінде талапты орындау қажеттілігі туралы SMS хабарлама жібереді.
3. Айыппұл бойынша ерікті төлем болмаған жағдайда, жүйе жеке сот орындаушысына мәжбүрлеп орындауға атқару парағын ұсынады.
4. Төлем уақтылы жүргізілсе, атқарушылық іс жүргізу артық шығынсыз тоқтатылады.

Жоба сәтті жүзеге асатын болса, оны бүкіл Қазақстан аумағына енгізу жоспарланып отыр.

Бұл қалай болар екен? Айтуларынша, роботтың арқасында 2 млрд теңгеге дейін үнемдеуге болады.😍

2️⃣ Елімізде білім туралы шетелдік құжатты онлайн растауға болады.

Шетелде білім алған азаматтар білім туралы құжаттарын «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «білім беру құжаттарын тану» мемлекеттік қызметіне тапсыра алады. Бұл туралы Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Хабарламада бұл қызметті ғылым министрлігінің «Жоғары білім беруді дамытудың ұлттық орталығы» көрсететіні айтылған.

Қызметті алу үшін eGov.kz порталына кіру қажет және «білім» деген нұсқаны таңдау қажет. «Жоғары» немесе «жоғары оқу орнынан кейінгі білім» бөлімінде қажетті қызметті таңдап, әрі қарай порталға кіріп, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу керек. Осыдан кейін «білім туралы құжаттарды тану», «білім туралы құжаттарды тану туралы куәліктің төлнұсқасы» қызметтеріне иесі туралы негізгі мәліметтерді енгізіп, барлық қажетті құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін тіркеп, қызметке ақы төлеп, ЭЦҚ көмегімен қол қою қажет.

Нәтижесінде ізденушіге білім туралы шетелдік құжатты электрондық нысанда тану туралы куәлік келеді немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап ала алады.

Тамаша!🔥


3️⃣ Жыл соңында банкаралық бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады.

2024 жылдың соңында банктердің арасындағы төлемдер бірыңғай QR-код арқылы жасалады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметінен хабарлады.

“Елімізде QR кодтың ұлттық стандарты бар. Сол арқылы төлем жасауға арналған QR-код әзірлеудің бірыңғай әдіснамасы мен оларды әзірлеуге қажет деректеме жиынтығы айқындалады (2021 жылғы 13 тамыздағы 3712-2021 ҚР СТ)”, – делінген хабарламада.

Ұлттық стандарт – QR-код әзірлеуге арналған ереже жиынтығы. Ал QR код арқылы төлем жүргізу (транзакцияларды өңдеу) банкішілік жүйелерде де, банкаралық деңгейде де жүзеге асырылады.

“Қазір бірқатар банк банкішілік деңгейде QR-код арқылы төлем жүргізу қызметін ұсынып отыр. Ал банкаралық төлемге арналған QR-код қызметін 2024 жылдың аяғында іске қосу жоспарда бар”, – дейді Ұлттық банктен.

Біраз іс жеңілдейтін болды👍