Құралай Мейрамбек,Болашақ, Халық саны. 17 шілденің топ жаңалықтары

Автор: редактор 17 июля, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ «Витебскідегі Славян базары» халықаралық ән байқауында қазақстандық әнші Құралай Мейрамбек үшінші орын алды.

Екі күндік байқау қорытындысы бойынша армениялық талант Маша Мнджоян бас жүлде алса, бірінші орын – беларусь әншісі Самир Елчиевке бұйырды. Екінші орынды – ресейлік Елизавета Слышкина мен италиялық Agape бөлісті. Ал үшінші орынды – қазақстандық Құралай Мейрамбек пен өзбекстандық Малика Хакимова иеленді.

«Славян хиті» байқауында Құралай беларусь халқының «Рэчанька» әнін шырқап, 70 ұпайдың 69-ын еншіледі.
Байқаудың екінші күні «Әлемдік хит» сайысында қазақстандық әнші «Frozen 2» анимациялық фильміндегі «Into the unknown» саундтрегін орындап, 63 ұпай жинады.

Бұған дейін балалар арасындағы «Славян базарында» 12 жастағы қазақстандық Шерхан Арыстан бас жүлдені жеңіп алған еді.

Жеңіс құтты болсын!😍👏🏻

2️⃣ «Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау басталды.

Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.

Конкурстық іріктеуге қатысуға өтінімдер мемлекеттік қызметтер порталы eGov арқылы онлайн түрде қабылданады.

Жалпы алғанда, 2023 жылы магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінген.

«Биыл «Болашақ» стипендиясы аясында үміткерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Енді конкурсқа шетелдік жоғары оқу орны немесе ұйымнан академиялық оқуға гранты бар үміткерлер де қатыса алады. Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасы тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру, ұшу, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейді. Сондай-ақ, еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқарады, — деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.

Министрлік биыл «Болашақ» стипендиясы үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтілгенін мәлімдеді. Енді үміткерлер шет тілін меңгергенін растауға тиіс. Ағылшын тілінде оқуға түсушілер IELTS, TOEFL сертификатын ұсынуы керек.

Еске салсақ, президенттің «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасымен инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Үміткерлерді қолдау үшін «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жаңа жеңілдік санаты енгізілді. Сонымен қатар Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен медициналық қызметкерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді.

Аталған өзгерістердің арқасында қазақстандық дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер мерзімі 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады.

Науқан 2023 жылғы 15 қыркүйекке дейін жалғасады.📌

3️⃣ Қазақстан халқының саны 20 миллионға таяп қалды.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жалпы халықтың 61,9 пайызы немесе 1 2 297 100 адам — қалада, ал 38,14 пайызы немесе 7 581900 адам — ауылда тұрады.

2023 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстанға келгендер саны 2022 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 91,8 пайызға артып, кеткендер саны 45 пайызға азайды.
Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде.

ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі — 89,5 және тиісінше 72,1 пайызды құрады.
Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 2,6 пайызға азайды.
Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 3 өңірінде байқалды: Алматы (12 145 адам), Астана (11 424 адам) және Шымкент (571 адам) қалаларында.

Еліміздегі халық саны 19 млн 879 мың адам болды.👍🔥