Рамазан Оразов,Баспана, Айлық. 22 қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 22 Қараша, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Рамазан Оразов Словениямен өткен матчтың үздік ойыншысы атанды.

Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.

Ел құрамасы H тобында сынға түсті. Қарсыластары – Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия мен Сан-Марино.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан құрамасының елордада өткен Солтүстік Ирландия және Сан-Марино құрамалары кездесуін тамашалап, жанкүйерлік жасады.

Қазақстандық футболшылар Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен жеңді.

Ал Сан-Мариноны 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Словения және Қазақстан құрамалары өзара кездесуінде Еуропа чемпионаты финалдық сатысына берілетін екінші жолдама сарапқа салған еді.
Ел құрамасы қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберіп, өз тобында 18 ұпаймен Финляндиямен бірге үшінші-төртінші орындарға жайғасты.

Кездесу барысында Рамазан Оразов тоқсан минут бойы ойын көрсетті. Ол 47-минутта қарсыластар қақпасына гол соғып, таразы басын теңестірген еді.

Сондай-ақ, ол аталған іріктеу сатысындағы барлық кездесуде алғашқы минуттан жасыл алаңға шықты.

Бүгінде Рамазан Оразов Словенияның «Копер» командасының намысын қорғайды.

Құтты болсын!😍👍

2️⃣ Қазақстанда орташа айлық жалақы 350,5 мың теңгені құрады.

Өткен жылдың сәйкес кезеңінде орташа айлық жалақы 299,8 мың теңгені құраған.

Өңірлер бойынша ең жоғары орташа айлық жалақы 602,4 мың теңге көлемінде Атырау облысында тіркелді. Бұл бір жыл бұрынғыдан номиналды түрде 14,3%-ға және нақты мәнде 2,8%-ға артық.

Көш бастап тұрған өңірлер қатарында Маңғыстау (519,1 мың теңге, бір жылдағы өсім нақты мәнде 2,2%) және Ұлытау (471,3 мың теңге, өсім 5,4%) облыстары да бар.

Ең төменгі орташа айлық жалақы Түркістан облысының тұрғындары алатыны белгілі болды: 248,9 мың (бір жылдағы өсім 1,8%). Бұл үштікке Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары да кірді.

Бұл өткен жылға қарағанда 16,9%-ға артқан.🔥

3️⃣ Баспана кезегіне тұру бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баспана кезегіне енгізілетін маңызды өзгерістерді таныстырды. Бұл бойынша Отбасы банкін ұлттық даму институтына айналдыру қарастырылған. Ал әкімдіктер жасайтын баспана кезегін жүргізу құзіреті банкке беріледі. Ол үшін Отбасы банкінде Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Баспанаға мұқтаж азаматтар бұрынғыдай кезекке тұра береді. Бірақ оларға қойылатын талаптар өзгеруі мүмкін.

Яғни, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты, кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұлғайту көзделген.

Ал сіз кезекте тұрсыз ба? Әлде тұрғын үйге қол жеткіздіңіз бе?🤔һ