Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ 18 жастағы қазақстандық бойжеткен Уэльс ханшайымы Диананың марапатын иеленді
Қазинформ мәліметінше, Уэльс ханшайымы Диананы еске алу үшін тағайындалған бұл марапат онымен аттас қайырымдылық қорының атынан беріледі. Оған ханшайымның екі ұлы, Жоғары Корольдік Мәртебелі Уэльс ханзадасы және ханзада Гарри, Сассекс герцогы демеушілік танытады.
Диана Мурзағалиева сөйлеу қабілетінің бұзылуына және денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болғандарға қолдау көрсетіп келеді. Семей полигонында ондаған жылдар бойы жүргізілген ядролық сынақтардың салдарынан дизартрия дертіне шалдыққан Диана бірнеше рет ота жасатып, талай сынақ пен қиындыққа қарсы түрған. Бала кезінде сөйлей алмаған ол өз ойын жазу арқылы жеткізіп, кейіннен мүмкіндігі шектеулі балалардың армандары туралы әңгіме құрастырған. Осы оқиғалар оның «Үміт әрдайым жанымызда» анимациялық фильміне негіз болды.
Инклюзивті Академияның негізін қалаған және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған жасанды интеллектпен жұмыс істейтін SPEAKUP қолданбасын жасаған ол білім, технология және әңгімелеу арқылы жаһандық инклюзияға жаңа дем берген.
Керемет!😍
2️⃣ Алматыда жаңа жылдық рейдтер басталды
2024 жылғы 5 желтоқсан мен 2025 жылғы 3 қаңтар аралығында Алматы қаласында полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызмет мамандары бірлесіп «Пиротехника» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді.
Бұл шараның басты мақсаты – пиротехникалық өнімдердің заңсыз айналымына тосқауыл қою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Тимур Серікқұлдың айтуынша, рейдтер барысында жабайы сауда орындары анықталуда.
Сондай-ақ, пиротехникалық өнімдерді кәмелетке толмағандарға сату мен олардың балалар тарапынан қолданылуына ерекше назар аударылады.
Азаматтарды пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін белгіленген тәртіпке бағыну маңызды. Егер құқық бұзушылықтар туралы ақпарат болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз, – деді Тимур Серікқұл.
Шараның тағы бір маңызды мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың пиротехникалық заттарды сақтау, тасымалдау және сату ережелерінің сақталуын бақылау. Еске сала кетейік, пиротехникалық өнімдерді елді мекендерде немесе рұқсат етілмеген орындарда пайдалану Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ҚР ӘҚБК) 436-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Ал азаматтық пиротехникалық заттарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау немесе жою тәртібін бұзғандар ҚР ӘҚБК-нің 483-бабы бойынша жауапқа тартылады. Сонымен қатар, заңсыз саудалау тәртібін бұзған азаматтарға ҚР ӘҚБК-нің 196-бабына сәйкес шара қолданылады.
Ережелерді сақтап жүріңіздер!📍
3️⃣ Қазақстандықтар жалақысының 22%-ын азық-түлікке жұмсайды
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин халық азық-түлікке қаражатының қанша пайызын жұмсайтыны туралы айтты.
Вице-премьердің сөзінше, халық арасында азық-түлік шығындарына қатысты түсініспеушіліктер бар.
“Көпшілігі табысының жартысы азық-түлікке кетеді деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс емес. Нақтырақ айтсақ, тұтыну шығындарының 50%-ы азық-түлікке бағытталған. Яғни, тұтыну шығындары табыстың 50%-ына тең дегенді білдіреді”, – деді Жұманғарин.
Оның сөзіне сүйенсек, азаматтардың табысы тек тұтыну шығындарымен шектелмейді. Олар несиені өтеу, балаларға қажетті заттарды сатып алу, оқу ақысын төлеу және қарыздарды жабу сияқты міндеттерге де қаражат бөледі.
“Осы көрсеткіштерді есепке алғанда, қазақстандықтардың табысының шамамен 22,2%-ы азық-түлікке жұмсалып отыр деп айтуға болады,” – деп атап өтті вице-премьер.
Сіз де осы мөлшерді жұмсайсыз ба?🤔