Рекорд, Ауғанстан, Қолданба. 11 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 11 октября, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақстандық оқушылар робототехникадан Сингапурда өткен чемпионатта рекорд орнатты.

«Осы жеңісі арқылы ұлттық құрама өткен жылы Женевада алған чемпиондық атағын тағы бір мәрте растады», — деп атап өтті оқу-ағарту министрлігі.

USTEM Foundation қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметовиің айтуынша, Сингапурға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 200 оқушының ішінен ұлттық кезеңде іріктелген мықты команда жіберілген.

«Біздің команданың алдында өткен жылғы Женевадағы тарихи жеңісті қайталау міндеті тұрды. Оқушылар ол міндетті ойдағыдай орындады, ұпай саны бойынша әлемдік рекорд орнатты. Бұдан басқа, командамыз халықаралық ынтымақтастық үшін төрешілердің марапаттарына ие болды, бұл – біз үшін үлкен мақтаныш», — деп атап өтті ол.

Мырзахметовтің айтуынша, Қазақстандағы робототехника жыл сайын халықаралық брендке айналып келеді.

FIRST Global Challenge – жыл сайын әртүрлі елдерде өтетін олимпиадалық үлгідегі дүниежүзілік робототехника чемпионаты. Осы жылғы чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен 190-нан астам ел қатысты.

Білімге құштар жастарымыздың саны арта берсін!😍👍

2️⃣Елімізде қандастарға арналған «Құтты мекен» қолданбасы пайда болды.

«Kutty meken» – этникалық қазақтарға қандас мәртебесін беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған мобильді қолданба. Мобильді қолданбаның функционалы мемлекеттік қызмет көрсету процесін едәуір жеңілдетеді. Оның көмегімен шетелде жүрген этникалық қазақтар өздері тұрған елдің аумағынан шықпай-ақ «қандас» мәртебесін алуға өтініш бере алады.

«Kutty meken» жобасын іске асыру уақытты үнемдеуге және құжаттармен жұмыс істеу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Аталған қосымшаны пайдалану үшін Android және IOS қолданушылары Play Market және App Store-дан жүктеп алуына болады», — делінген министрлік хабарламасында.

Енді этникалық қазақтар «қандас» мәртебесін алуға өтініш беру үшін жаңа қосымшаны пайдалана алады.📌

3️⃣ Қазақстан Ауғанстанға тағы да гуманитарлық көмек жөнелтпекші.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына байланысты «KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігінің белсенді қатысуымен Ауғанстанның Герат провинциясына қазақстандық арнайы авиабортпен салмағы 1600 тоннадан асатын азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және төсек-орын жабдықтарын қамтитын ірі гуманитарлық жүк жеткізілді», делінген хабарламада.

Қазақстандық гуманитарлық жүкті Ауғанстандағы Табиғи апаттардың салдарымен күрес жөніндегі штабтың өкілдері, атап айтқанда Азаматтық әуежайлардың бас директоры Гарвал Абдул Саттар қабылдады.
Сонымен қатар 2023 жылы 10 қазанда Герат провинциясына 45 адамнан тұратын ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел-құтқару тобы келіп, қазіргі таңда Наиброфи елді мекенінде (Герат қаласынан 50 шақырым жерде) құтқару жұмыстарын жүргізуде.

Бұған дейін 1600 тоннадан асатын азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және төсек-орын жабдықтарын қамтитын ірі гуманитарлық жүк жеткізілген.🙌🏻