Республика күні, Виза, Еркебұлан Тоқтар. 7-ші қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 07 Қыркүйек, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Қазақстанда 25 қазан ресми түрде ұлттық мереке – Республика күні болып белгіленеді.

Тиісті заң жобасын парламент мәжілісі бүгін жалпы отырыста мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді.

Мерекелерге қатысты түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген.
Депутаттар 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тастауды ұсынды. Бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер секілді аталып өтеді.

Сәйкесінше, қазақстандықтар 1 желтоқсанда демалмайды.
Сондай-ақ 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеу қарастырылған. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, енді қазақстандықтар 25 қазан күні демалады. Салтанатты шаралар осы күні көбірек өтеді. Ал 16 желтоқсан еске алу күніне айналады.

Егер сенат заңды қабылдап, президент қол қойса, бұл демалыс күні болады. Ол енді ұлттық мереке деген мәртебе алады ғой. Сол себепті демалыс болады. Биыл қабылдап үлгеретін шығар.

Тағы бір демалыс күні пайда болып жатыр екен😍👍

2️⃣ Қазақстанда визалардың жаңа түрлері енгізіледі. Яғни, Қазақстан экономикасына бір мезгілде 300 мың АҚШ долларын инвестициялаған шетелдік бизнесмендер үшін инвестициялық және іскерлік визалар алу шарттарын қайта қарау ұсынылады.

Бұл туралы Еңбек министрлігі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің көші-қон саясатының тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралардың пакеті ұсынылды.
«Оларды іске асыру мақсатында Көші-қон саясатының алдағы 5 жылға арналған жаңа тұжырымдамасы шеңберінде республикада шетелдіктер үшін ерекше жағдайларды көздейтін бағалы дағдылар мен инвестициялық визалар үшін арнайы визалар енгізу көзделеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жаңа тұжырымдама шеңберінде Қазақстан үшін тапшы және жиі тартылатын кәсіптер бойынша 100 үздік шетелдік маманды тартудың тетігі көзделеді. Бұл кәсіби мамандардың міндеті білім трансфері және өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды даярлау», – делінен хабарламада.

Ведомство мәліметінше, оларға тұруға ықтиярхаты бар «Бағалы дағдыларға арналған виза» енгізіледі және қазақстандық кадрларды озық даярлау үшін үнемі жаңартылып отыратын бағалы дағдылар рейтингі (тапшы кәсіптер мен мамандықтар) қалыптастырылады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жаңа Тұжырымдама жобасында бизнес-иммиграция тәсілдері өзгертіледі.

«ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін негізге ала отырып, Қазақстан экономикасына бір мезгілде 300 мың АҚШ долларын инвестициялаған шетелдік бизнесмендер үшін инвестициялық және іскерлік визалар алу шарттарын қайта қарау ұсынылады. «Инвестициялық виза» 10 жылдық тұруға рұқсат береді. Виза иесі бизнесті тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік алады», – делінген хабарламада.

Бұл Қазақстанға жылына, әсіресе креативті индустрияны дамыту саласында 100-ге дейін бизнесмен-инвестор тартуды неғұрлым нақты мақсатқа айналдырады.
Бұдан басқа, білім беру иммиграциясын дамыту мақсатында Тұжырымдамада мыналар көзделеді:

* шетелдік жетекші білім беру мекемелерін академиялық ұтқырлық бағдарламасына тарту және қос дипломды білім беру практикасын одан әрі дамыту арқылы елдік білім беру инфрақұрылымын кеңейту;
* сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік оқытушыны және сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды тарту. Бұл ретте шетелдік ғалымдар мен оқытушылар үшін тұруға ықтиярхат, ал кейіннен Қазақстан азаматтығын алу құқығын бере отырып, ұзақ мерзімді (10 жылға дейін) «Ғылыми-педагогикалық визалар» көзделеді.

3️⃣ Қазақстандық актер Еркебұлан Тоқтар кәсіпқой бокста алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Ол 2 қараша Алматыдағы бокс кешінде жұдырықтасады. Жекпе-жек төрт раундқа жоспарланған. Қарыслас әзірге белгісіз.

Еске сала кетсек, Еркебұлан мұның алдында өзін ММА-де сынап көрген. Нәтижесінде төрт мәрте жеңіске жетті.

Спортшымызға жеңіс тілейміз!🙌🏻👏🏻