Робототехника, Аяз, Турист. 10 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 Қаңтар, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ The New York Times Алматыны туристер үшін үздік бағыттар тізіміне қосты.

New York Times басылымы Алматыны 2024 жылғы ең үздік туристік бағыттар тізіміне енгізді.

The New York Times жаңа жылда көруге болатын әлемдегі 52 орынның дәстүрлі тізімін жариялады. Танымал басылымның нұсқасы бойынша Алматы тізімде 25 орында тұр.

«Алматы екі миллион халқы бар Қазақстанның ең ірі қаласы бола тұра, бейбіт, бірақ белсенді шахар әсерін қалдырады. Алматының мәдени орталық ретіндегі мәртебесі оның гастрономиялық өмірінде айқын көрінеді. Көк базардағы жемістер мен жаңғақтарды тамашалаңыз, содан кейін жақында кеңестік дәуірі ғимаратында ашылған үлкен азық-түлік базарында PlatformA-ға барыңыз», – деп жазды The New York Times.

Айта кетейік, Алматы – бұл рейтингке енген аймақтағы жалғыз қала. Бұған дейін 2017 жылы Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында осы тізімге енгізілген болатын.

Керемет!😍👍

2️⃣ Қазақстанда 32 градусқа дейін аяз болады.

Синоптиктер Қазақстандағы 11-13 қаңтарға арналған ауа райы болжамын ұсынды.

Болжамға сәйкес, барикалық түзілімдердің тез өзгеруі бүкіл Қазақстан бойынша тұрақсыз ауа райының орнауына ықпал етеді. Солтүстік аймақтарда қарлы, желді ауа райы қысқа мерзімді аязға айналса, ал оңтүстік аймақтарда қатты жауын-шашын болып, соңы қарға айналады. Ауа температурасының қысқа мерзімді ауытқуына байланысты көктайғақ құбылыстары пайда болады.

«Аязды 11 және 13 қаңтарда батыс облыстардың тұрғындары, 11-12 қаңтарда солтүстік облыстардың тұрғындары сезеді, түнде термометрлер 20-32 градусқа дейін төмендейді», – делінген хабарламада.

Сақтанып жүріңіздер!🙌🏻

3️⃣ Семейлік оқушылар робототехника чемпионатында үшінші орынды иеленді.

Индонезия елінің Депок қаласында FIRST Tech Challenge халықаралық робототехникадан ашық ойындар өтіп, семейлік оқушылар жүлделі үшінші орынды иеленді.

Жарысқа 5 мемлекеттен 30 команда қатысты.

«Қазақстан, Америка, Индонезия, Австралия, Малайзия елдерінен қатысқан жас робототехника құрастырушылары өз жұмыстарын ұсынып, тартысты бәсекеге түсті. Нәтижесінде Абай облысының «Shanyraq» құрама командасы робот-тасымалдаушы құрастырып, жүлделі 3-орынға ие болды», – делінген хабарламада.

Жоғары нәтижеге қол жеткізген «SHANYRAQ» командасының құрамында: жетекшісі, информатика пәні мұғалімі Айдос Тұрсынбеков және Семей қаласы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясының оқушылары Олжас Самархан, Диляра Нұрмұхамбетова, Ерасыл Қанағатов, Темірлан Абылхан, Радмир Жеңісбек болды. Жеңімпаздар жарыста бастапқы үлгіде «Robot game» ойынын құрастырды.

Құтты болсын!👏🏻🔥