Робототехника,Блогерлер, Куәлік.3 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 03 Мамыр, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Алматылық оқушылар АҚШ-та робототехникадан үздік ондыққа кірді.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

1737 K Urei командасының оқушылары Vex Spin Up санатында өткен 10 іріктеу матчының 9-да жеңіске жеткен. Олар өз дивизионындағы 80 команда арасында 9-орынды иеленді.
Жарыс Даллас қаласында (АҚШ) 25 сәуірден бастап 4 мамырға дейін жалғасады. Vex Spin Up санатына 6-12 сыныптардан жасақталған 11 500 команда қатысып жатыр. Бұған қоса, Алматы қаласының тағы екі командасы: 1737d Dream ON және 1737Y Blue Ribbon ширек финалға шықты.

Құтты болсын!😍👍

2️⃣ Депутат блогерлерді жауапқа тартуды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар.

«Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге? Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім», – деді Баққожаев премьер-министр мен бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында.

Ал сен бұл ұсынысқа қалай қарайсың?🤔

3️⃣ Жүргізуші куәлігін он бес минуттың ішінде онлайн ауыстыруға болады.

«Онлайн-қызметтер іске қосылған сәттен бастап оларды 7 миллионнан астам азамат пайдаланды, оның ішінде 167 мың адам жүргізуші куәлігін ауыстырған», – деп хабарлады Polisia.kz.
Ведомствоның мәліметінше, бұрын жыл сайын ХҚКО-ға қолданылу мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәліктерін ауыстыру үшін 400 мыңға жуық азамат жүгінетін.
ІІМ бірқатар қызметті цифрландырғаннан кейін қызмет көрсету мерзімі орта есеппен 4-5 есеге қысқарып, ХҚКО-лардағы кезек азайған.

«Сондай-ақ ІІМ жүргізуші куәліктерінің қолданылу мерзімі өтуге жақындаған кезде оларды уақтылы ауыстыру қажеттігі туралы еске салатын SMS және push-хабарламаларды жіберу сервисі енгізілді», – деп жазылған хабарламада.

Енді жүргізуші куәлігін онлайн режимде екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы ауыстыруға болады. Жүргізуші куәлігін жаңарту үшін осындай қосымшалардың біріне кіріп, биометриялық тексеруден өтіп, өз смартфоныңызға суретке түсу жеткілікті. Өтінім ІІМ дерекқорында өңделгеннен кейін жаңа жүргізуші куәлігі 10-15 минут ішінде автоматты түрде шығарылады.
Азамат ХҚКО-дан жаңа құжатты өзіне ыңғайлы кез келген уақытта ала алады, ал автокөлікті смартфондағы «цифрлық» жүргізуші куәлігі нұсқасы бойынша бірден басқара беруіне болады.

Енді бір іс жеңілдейтін болды🔥