Робототехника, Республика күні, Ұлттық банк. 29-шы қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 29 Қыркүйек, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣Ауылдық жерлер мен шағын қалаларда балалар робототехниканы меңгереді.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Арман» холдингі арасында «Болашақ инженерлер» қайырымдылық жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жобаның мақсаты – робототехниканы зерделеу үшін ауылдық жерлерде, шағын қалалар мен моноқалаларда балаларға жағдай жасау, инженерлік құзыреттер саласында қолжетімді сапалы білім беру ортасын қамтамасыз ету.

«Ауылдық жерлер мен моноқалаларда білім беруді дамытудың маңызы зор. Сондықтан балаларға робототехниканы, бағдарламалауды үйренуге және инженерлік дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін қажетті жобаны іске асырып жатырмыз», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Жобаның 2022-2026 жылдарға арналған бюджеті 1 млрд 339 млн 668 мың теңге, оның ішінде: «Қазақстан халқына» қоры 673 млн 200 мың теңге, Инженерлік білім беруді дамыту қоры 464 млн 508 мың теңге бағыттаса, жергілікті атқарушы органдардың қаражатынан 201 млн 960 мың теңге бөлінеді.

Робототехника кабинеттері Қазақстанның барлық облысындағы ауылдарда, аудандар мен моноқалада жарақтандырылады. 1-6 сынып оқушылары бағдарламалау, құрастыру, мехатроника, электротехника және басқа да бағыттар бойынша білім алады.

Керемет! 👍🔥

2️⃣ 25 қазан ресми түрде Республика күні болды. Президент заңға қол қойды.

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Сенат депутаттары түзетулер пакетін, оның ішінде 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп белгілеу туралы норманы қолдаған болатын.

Енді 25 қазан ресми түрде демалыс😍

3️⃣ Ұлттық банк Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай коллекциялық монеталар шығарды.

Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл монеталар «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясын жалғастырады.

Бүгін қазақ жазушысы, әдебиеттанушы ғалым, драматург Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толды. Осы датаға орай MUHTAR ÁÝEZOV. 125 JYL коллекциялық монеталарын шығармақ.
Номиналы 500 теңгелік монеталар күмістен жасалған, монетаның сапасы – proof, массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, таралымы – 2 000 дана.

Номиналы 100 теңгелік монеталар мельхиор қоспасынан дайындалған, монетаның сапасы – brilliant uncirculated, массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, таралымы – 20 000 дана.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылданады, еліміздегі банктерде шотқа есепке алынады, аударылады, ұсақталадыжәне айырбасталады.
Күмістен жасалған монеталар мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде Ұлттық банктің нөмірлі сапа сертификаты бар кәдесый орамында болады. Мельхиор қоспасынан жасалған монеталар жеке блистерлік орамда шығарылады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.