Робототехника, Жинақ, Дарын. 8 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 08 Наурыз, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ «Қазақстан халқына» қоры аудандар мен моноқалаларда робототехника кабинетін ашады.

Қазақстандық оқушылар сұранысқа ие инженерлік құзыреттерді меңгереді. Жаңа оқу жылына қарай 161 аудандық мектепте және моноқалалардағы 28 мектепте робототехника кабинеттері ашылады. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоры мәлімдеді.

Қордың «Болашақ инженерлер» бағдарламасы бойынша 1-6 сынып оқушылары бағдарламалау, құрастыру, мехатроника, электротехника және басқа да бағыттар бойынша білім алады. Жаңа инженерлік дағдылар оқушыларға түрлі мамандықты игеруге және болашақта сұранысқа ие маман болуға жәрдемдеседі.

«Еліміз бойынша барлығы 189 робототехника кабинеті ашылады. Алғашқы робототехника кабинетінің таныстырылымы Ақмола облысы Қоянды ауылының №2 мектебінде өтті. Мектеп бағдарламалық қамтамасыз етуді, конструкторларды, электрониканы қамтитын робототехниканы зерттеуге арналған заманауи бағдарламалық-аппараттық кешенмен толықты. Кабинетті жаңартуға 3,6 млн теңге бөлінді», – делінген хабарламада.

Қайырымдылық бағдарламасы «Арман Инжиниринг» компаниясымен, Инженерлік білім беруді дамыту қорымен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Оқушылар енді жаңа дағдыларды игере алады🔥

2️⃣ Отбасы банкінде барлық жинақтың тең жартысын әйелдер жинаған.

Хабар 24 арнасының хабарлауынша,
әйелдер барлығы 1 триллионнан астам теңге жинаған. Бұл – барлық жинақтың жартысы. Бұдан бөлек, 1,5 млн депозит немесе барлық жинақтаушы шоттардың 68 пайызын да әйелдер ашқан.

Ал депозиттегі максималды сома 50 миллион теңгеден асады. Статистикаға сәйкес, баспана алу үшін нәзік жандыларға 6-10 жыл көлемінде ақша жинау жеткілікті.
Ақшаны көп жинайтын әйелдердің басым бөлігі Алматы, Астана және Шымкентте тұрады.

Ал сіздің Отбасы банкінде жинағыңыз бар ма?😉

3️⃣ Енді «Дарын» сыйлығына 35 жасқа дейінгілер де өтініш бере алады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен «Дарын» сыйлығын және «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Сыйлық алуға өтінімдер қабылдау аяқталған кезде 35 жасқа толмаған, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып саналатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар үміткер болады.
Бұған дейін жас шектеуі 29 жас деп белгіленген болатын.
Сыйлықты бір уақытта әр номинация бойынша екіден аспайтын ізденушіге беруге болады, бұл жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты қайта беруге жол берілмейді. Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды.

Сыйлық авторлар ұжымына берiлсе, оның ақшалай бөлiгi олардың мүшелері арасында тең бөлiнедi.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау ережесінде конкурсқа қатысуға конкурстық өтінім берген, конкурстық өтінімдерді қабылдау аяқталған кезде 14 жастан 35 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алатыны жазылған.

Қаулы 2023 жылғы 17 наурызда күшіне енеді.

Мүмкіндіктер ашылып жатыр👍😍