Роза Бағланова, Қожанасыр, Алматы.2-ші желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 02 Желтоқсан, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Ортеке биі мен Қожанасырдың әзіл әңгімелері ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.

Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

Марокконың астанасы Рабат қаласында өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 17-ші сессиясында 46 номинация қаралып, 20-сы ұйымның репрезентативтік тізіміне енгізілді. Соның ішінед «Ортеке» биі мен Қожанасырдың әзіл әңгімелері де бар.
Ортеке – көне заманнан жеткен қуыршақ өнері. Оның нақты қай жерде және қалай пайда болғаны туралы ақпарат жоқ. Бірақ XIX ғасырдың басында қазақ даласында осы өнер кеңінен тарала бастады. Қуыршақтың өзі, көбінесе, қызылқайың, қызылқандыағаш, үйеңкі, жаңғақ, шаған, емен сияқты ағаштардан жасалады. Себебі осы ағаштар жеңіл кесіліп, оңай ойылады.

Осыдан кейін ортекені ою-өрнекпен көмкерілген тұғырға орнатып, жіптің бір басын домбырашының оң қолының саусақтарына байлап қояды. Күйші күйді тарта бастағанда, қуыршақ қозғалып, билей бастайды.

Домбырашылар қай ауылға барса, сол ауылға домбырамен бірге ортекелерін де алып жүрген. Сөйтіп, барған жерлерін қызыққа бөлеп, жастардың өнерге деген құрметі мен қызығушылығын арттырып отырған.
Ал»Қожанасырдың әзіл әңгімелері» элементін комитеттің қарауына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан бірлесіп енгізді.

Қожанасыр немесе Қожа Насреддин – Шығыс фольклорлық кейіпкері, қысқа әзіл-сықақ және сатиралық миниатюралар мен әзіл әңгімелердің, кейде тұрмыстық ертегілердің кейіпкері. Ол анти-қаһарман, қаңғыбас, еркін ойшыл, бүлікші, ақымақ, диуана, айлакер, алаяқ және тіпті философтың ішкі қайшылықты бейнесін біріктіреді, адамның зұлымдықтарын, сараңдарды, арсыздықтар мен екіжүзділерді мазақ етеді.

Бұған дейін ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізімін 11 элемент енгізілген, соның ішінде төртеуі ұлттық қазақ мәдени мұрасына қатысты.
Олар:

«Қазақтың дәстүрлі домбырада күй орындау дәстүрі» (2014);

«Қазақ күресі» (2016);

«Асық ату ұлттық ойыны» (2017);

«Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері» (2018);
Ал «Киіз үйді жасау» (2014), «Айтыс өнері» (2015), «Наурыз» және «Қатырма» (2016), «Қорқыт ата мұрасы» (2018), «Тоғызқұмалақ» (2020) және «Құсбегілік» (2021) секілді ұлттық элементтер бірнеше елдің ортақ мәдени мұрасы ретінде енгізілген болатын.

Керемет!👏🏻👏🏻👏🏻

2️⃣ Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқау басталды.

Финалға шығу үшін Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Татарстан, Польша, Болгария, Қырғыз Республикасы және Беларусь республикаларынан 21 талапкер бақ сынайды.

12 қазан мен 20 қараша аралығында онлайн форматта өткен іріктеуде 48 өтінім қабылданып, финалға 21 орындаушы өтті. Байқау жеңімпазы 3 желтоқсанда өтетін финал мен Гала-концерт кезінде белгілі болады.

Конкурсқа эстрада жанрында өнер көрсететін 18-35 жас аралығындағы вокалистер, республикалық және халықаралық конкурстардың, телевизиялық вокалдық конкурстардың қатысушылары, мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысып жатыр екен.👍👍👍

3️⃣ Әлемдегі ең қымбат қалалар рейтингінде Алматы 166-орында тұр.

2022 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша Нью-Йорк пен Сингапур көш бастады.
Рейтингті жасаған Economist Intelligence Unit әлемнің 172 ірі қаласында баға бір жылда 8,1% көтерілгенін атап өтті.
Бұл – журнал әлемдегі өмір сүру құны туралы деректерді жинаған соңғы 20 жыл ішіндегі ең үлкен көрсеткіш.
Нью-Йорк алғаш рет әлемдегі ең қымбат қалалар рейтингісінде көш бастады.
Бұл АҚШ-тағы жоғары инфляция мен доллардың жоғары бағамына байланысты болып отыр. Өткен жылы Тель-Авив бірінші орында болса, қазір ол үшінші орында тұр.
2022 жылғы әлемдегі ең қымбат қалалар:
1. Нью-Йорк
2. Сингапур
3. Тель-Авив
4. Гонконг
5. Лос-Анжелес
6. Цюрих
7. Женева
8. Сан-Франциско
9. Париж
10. Сидней
10. Копенгаген

🌇 Ал Нью-Йорк бұл тізімде көш бастап тұр.