Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды Бангладешке барудан бас тартуға шақырды.
Сыртқы істер министрлігі азаматтарға Бангладештегі жағдайға байланысты бұл елге барудан уақытша бас тартуды ұсынды.
Оған себеп – Бангладештегі жаппай тәртіпсіздік.
«Бангладеште жүрген Қазақстан азаматтарынан аса қажеттілік болмаса тұрып жатқан жерлерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, жаңалықтарды қадағалауды және биліктің ұсынымдарын орындауды сұраймыз», — деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ ведомство Қазақстан Сыртқы істер министрлігімен және Бангладеш Халық Республикасындағы қызметін қоса атқаратын Үндістандағы елшілікпен тұрақты байланыс орнатуға үндеді.
Қосымша және жедел ақпарат алу үшін Бангладеште жүрген ҚР азаматтары мен олардың Қазақстандағы туыстары төмендегі байланыс нөмірлер арқылы шұғыл хабарласа алады.
ҚР СІМ-нің байланыс нөмірлері:
+7 (7172) 720111 (кезекші дипломат)
+7 705 443 33 32 (ұялы телефон, WhatsApp)
Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы елшілігінің байланыс нөмірлері:
+91 1145 555 106
+91 9667 118 363
Абай болыңыздар!📌
2️⃣ Жаңа оқу жылында колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ке өседі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес студенттердің шәкіртақысы жоспарлы түрде өсірілуде. Өткен жылдың қыркүйегінде 250 мың колледж студентінің шәкіртақысы 50%-ға өскен болатын, ал биылғы қыркүйекте енді 300 мыңнан астам студенттің шәкіртақысы тағы 50%-ға артады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік тапсырыс көлемі де жыл сайын өсуде. Бүгінгі күні 145 мың грант бөлінген болса, оның 65%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған.
Колледждердің материалдық-техникалық базасы да қарқынды түрде жаңаруда. 2024 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша 104 колледждің білім беру инфрақұрылымы жақсартылды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен екі есеге жоғары.
Сондай-ақ, 2103 орынға арналған 8 жатақхананың құрылысы жүруде. Бүгінде Павлодар және Түркістан облыстарында жалпы саны 259 орындық екі жатақхана пайдалануға берілді.
Керемет мүмкіндік👍
3️⃣ ТЖМ-нің әскери бөлімдеріне қазақ батырларының есімі беріледі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөліміне Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімі беріледі.
Көпшілік талқылауына шығарылған бұйрық жобасында Төтенше жағдайлар министрлігінің №28237 әскери бөлімін «Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі» деп;
№ 68303 әскери бөлімін «Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімі» деп;
№52859 әскери бөлімін «Мартбек Мамраев атындағы 52859 әскери бөлімі» деп;
№20982 әскери бөлімін «Көкіұлы Есет батыр атындағы 20982 әскери бөлімі» деп атау ұсынылған.
Бұл шешімге Республикалық ономастика комиссиясының 24 қаңтардағы қорытындысы негіз болған.
Олардың қатарында Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Есет батыр бар екен🔥