Құрылғы, Емтихан, Ракета. 27 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 27 Мамыр, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Ақтөбелік оқушы тасқын қаупін хабарлайтын құрылғы жасап шығарды.

Бұл туралы 24.kz мәлімдеді.

«Құрметті қала тұрғындары! Өзен суының деңгейі бекітілген бағанадан жоғары көтерілді. Сол себепті эвакуацияға дайын болуларың сұралады.» Осындай хабарламадан кейін адамдардың өзі эвакуацияға дайындалады.

Мұндай хабарламаны автоматты түрде ылғалдылық сенсоры тарата алады. Өзен көлдердің жағасына белгі бергіш құрылғыны орнатуды он бірінші сынып оқушысы Жансая Аққұлова ұсынып отыр.

Мәртөк ауылына биыл тасқын судан айтарлықтай қауіп болмағанымен тұрғындар күндіз-түні суқойма бойын қорып, қауіп сейілгенше күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен кеңескен жеткіншектің бастамасын құтқарушылар да құп көріпті.

«Олардан «су деңгейін қандай құрылғы өлшейді» деп сұраған кезде ағаш құрылғыны көрсеткен болатын. Ол қазір заманға, 21-ғасырға, технологиялар дамыған заманға мүлдем сай емес деп есептеймін. Бұл құрылғылар өзен жағалауында орналасады. Ауыл немесе қалаларда үлкен мұнаралардың төбесіне сигнал беретін шамды орнатамыз. Яғни су тасқыны болған кезде ол сигнал береді», – дейді 11-сынып оқушысы Жансая Аққұлова.

Әсіресе түн мезгілінде төтеннен келетін тасқын суға тойтарыс беріп, дер кезінде қарекет етуге мүмкіндік болады.

Жаңашылдыққа жаны құмар оқушылар төтенше жағдай туралы хабар таратуға коммуналдық желілердің істен шығуы да кедергі болмауға тиіс дейді. Бұл мәселенің шешімін Аманбек Әнуарбекұлы ұсынып отыр. Күн жарығын энергия көзі ретінде қолданып, қажетті нысандарды қуат көзімен қамтуға болады дейді.

Талапты жастар көбейе берсін!👍

2️⃣ Мектептерде емтихан басталды.

Ол 11 маусымға дейін жалғасады.

Биыл алғаш рет оқу және жазу сауаттылығын айқындау мақсатында 5-8,10 сыныптар үшін 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихандар өтеді.

«Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өзі белгілейді. Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша. Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберлігін көрсетеді», – делінген хабарламада.

29 мамыр мен 10 маусым аралығында 9-сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар өтеді, ал 11-сыныпты бітірушілер 28 мамыр – 11 маусым аралығында емтихан тапсырады.

«Ақтөбе облысынан 9, Атырау облысынан 20 және Солтүстік Қазақстан облысынан 5 мектептің оқушылары бұл өңірлерде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты аралық және қорытынды аттестациялаудан босатылды», – деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Қорытынды аттестациядан барлығы 340 мыңнан астам 9-сыныпты бітірушілер, сондай-ақ биыл 11-сыныпты бітіруші 186 мың оқушы өтеді.

Барша оқушыға сәттілік тілейміз!🙌🏻

3️⃣ Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик әлемдік рейтингіде 19-дан 17-орынға көтерілді.

Бұл кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) жаңартылған рейтингісіндегі көрсеткіші.

Александр Шевченко 61-ден 59-ға ауысса, Михаил Кукушкин 135-тен 136-ға сырғыды. Денис Евсеев пен Бейбіт Жұқаев сәйкесінше 167 және 171-орнында қалды.

Құтты болсын!🔥