Сұлтан Зәуірбек,Елена Рыбакина, Құқық. 25 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 25 Наурыз, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Құқығы бұзылған қазақстандық балалар енді БҰҰ-ға шағымдана алады.

Оқу-ағарту министрлігі «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарламалар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын әзірледі. Құжат Ашық НҚА порталында жарияланған.

«Бала құқықтары туралы хаттама мен конвенцияға қатысушы мемлекеттер нәсіліне, түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де нанымдарына, ұлттық, этникалық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік жағдайына, жай-күйіне қарамастан, өз юрисдикциясындағы әрбір бала үшін онда көзделген барлық құқықтарды тең таниды», – делінген құжатта.

Сонымен бірге осы келісімге сай, құқығы сақталмаған балалардың өзі немесе олардың ата-анасы Біріккен Ұлттар Ұйымының бала құқықтары жөніндегі комитетіне тікелей шағым түсіре алады.

«Жобаның мақсаты – балаларға және олардың ата-аналарына (заңды өкілдеріне) БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы комитетіне баланың құқықтары туралы конвенцияда бекітілген өз құқықтарының бұзылуы туралы шағым беруге мүмкіндік беру. Егер бұл бұзушылықтар ұлттық соттарда толық шешілмеген болса, сондай-ақ тәуелсіз және бейтарап органдарға өтініштерді жолдау арқылы мемлекет бұзған баланың негізгі құқықтарын қорғау тетігін дамыту», – деп көрсетілген құжатта.

Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы 7 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.

Ескере жүріңіз☝🏻📌

2️⃣ Қазақстандық боксшы Сұлтан Зәуірбек Англиядағы жекпе-жегін нокаутпен жеңді.

Қазақстандық боксшы Сұлтан Зәуірбек (14-0, 9КО) Англияның Болтон қаласында өткен бокс кешінде өнер көрсетті. Бұл туралы әлеуметтік желідегі Кazproboxing парақшасында мәлімделді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Зәуірбектің қарсыласы – аргентиналық Факундо Арсе (15-9-2, 7КО) болды. Жекпе-жек екінші жартылай жеңіл салмақта өтті және сегіз раундқа жоспарланды. Нәтижесінде қазақстандық боксшы бесінші раундта оппонентін техникалық нокаутпен жеңді.

Осылайша, Сұлтан Зәуірбек кәсіпқой бокс мансабында 14-інші жеңісіне қол жеткізді. Айта кетсек, ол WBO European нұсқасы бойынша екінші жартылай жеңіл салмақтағы чемпион. Белдікті 2021 жылдың шілдесінде жеңіп алған болатын. Бұған дейін оған WBC-тің жастар арасындағы әлем чемпионы титулы да тиесілі еді.

Жеңіс құтты болсын!👏🏻🔥

3️⃣ Елена Рыбакина жеке рекордына қол жеткізді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина өзінің рекордтық көрсеткішін жаңартты.

Бүгін қазақстандық теннисші Майами мастерс турнирінің екінші айналымында ресейлік Анна Калинскаяны 7:5, 4:6, 6:3 есебімен ұтты.

Бұл – оның қатарынан тоғызыншы жеңісі. Осыған дейін ол екі рет қатарынан жеті ойында қарсыластарын тізе бүккізген еді.

Сонымен қатар Елена Рыбакина WTA турнирлерінде виннер саны жөнінен бірінші орынға шықты. Оның есебінде 253 виннер бар.

Керемет!😍😍😍