Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️
1️⃣ Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қараша өтеді.
Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
«Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалсын», — делінген жарлықта.
Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, биыл 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Президент сайлауға баруға дайын екенін айтты.
Айта кетері, Конституцияға енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес, Қазақстан президенті жеті жылға және бір мерзімге сайланады. Тиісті заңды таяуда парламент қабылдап, Тоқаев қол қойды.
Өз дауысыңды кімге бересің?🤔
2️⃣ Қазақстанның әдемі жерлерінде Үндістан енді фильм түсіруі мүмкін.
Үндістан киноиндуриясының өкілдері Қазақстанның әсем табиғатында фильм түсіруді жоспарлайды. Бұл туралы Kaz.tengritravel.kz жеткізді.
Мұндай бағытта екі ел арасында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Шубхдаршини Трипати мәлімдеді.
Елші Үндістан жылдың кез келген уақытында туризмді ұсынатынын атап, Гоа және Тәж-Махал сияқты жерлер қазақстандықтар арасында өте танымал екенін айтты.
«Сонымен қатар, Үндістан сапалы және қол жетімді медицина және сауықтыру туризмімен өте танымал. Тағы бір жаңалық Қазақстанның әдемі жерлерін үнді киноиндустриясына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Үнді халқы Қазақстанға келген кездегі қазақстандықтардың қонақжайлылығы мен әсем мәдениетімен еске алады. Сондықтан халқымыз арасындағы қарым-қатынастарды жандандыру үшін бізде үлкен мүмкіндіктер бар», — деді елші журналистермен кездесуде.
Сен бұл шешімге қалай қарайсың?😍
3️⃣ Асхат Аймағамбетов гранттарды бөлу тәсілін қайта қарауды тапсырды. Ол енді білім саласына аз грант бөлетін өңірлерге қолдау көрсетпейтінін айтты.
ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов енді министрлік білім саласына аз грант бөлетін өңірлерге қолдау көрсетпейтінін айтты.
Оқу-ағарту министрі Түркістан облысын мысалға келтірді. Оның айтуынша, облыста жастарға бөлінетін гранттар саны 16 мыңнан 4,7 мыңға дейін азайған. Ал Алматыда 9 мың, Қарағандыда 8 мың грант бөлінген.
Түркістан облысында NEET санатына жататын жастар көп. Ал олардың көбінің білімі де, жұмысы да жоқ. Түркістан облысының білім басқармасына өтініш білдіремін, біз республикалық бюджеттен 10 мың грант бөлуге мәжбүрміз. Себебі бұл жерде жергілікті тұрғындардың да, балалардың да кінәсі жоқ. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Министр бұл тәсілді басқа аймақтарға қатысты әділетсіз деп атады.
Қазір жергілікті бюджеттен грантқа аз қаржы бөлетіндерге көмектесеміз. Жергілікті бюджеттен грант көбірек бөлетіндерге көмектесуіміз керек. Сондықтан бұл тәсілдерді толығымен қайта қарауды тапсырамын. Біз бұдан былай кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға грант аз бөлетін өңірлерді қолдамаймыз, – деді Асхат Аймағамбетов.