Саусақ, Банк, Неке.25 қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 25 Қыркүйек, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстандықтар 1 қаңтардан бастап саусақ іздерін тапсыруға міндеттеледі.

Тіркеуге 16 жасқа толмаған балалардан басқа, барлық Қазақстан азаматы мен ҚР аумағында тұратын шетел азаматтары қатысады. Ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар дактилоскопиялық тіркеуден ерікті түрде өте алады.

Саусық іздері ХҚКО-да жеке куәлік, төлқұжат, шетелдіктер үшін елді тұру ықтияр хаттарын және азаматтығы жоқ адамдар үшін тиісті құжаттарын алу кезінде қолданылады.

Ішкі істер министрлігі көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жанабаевтың айтуынша, саусақ іздерін тапсырудан бас тартқандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 443-1-бабына сәйкес айыппұл салынады.☝🏻

2️⃣ Қазақстанда ерлі-зайыптының нотариаттық келісімін енді бейнеқоңырау арқылы алуға болады.

Әділет министрлігінің мәліметінше, бүгіннен бастап жаңа қызмет eGov Mobile платформасында қолжетімді. Осының арқасында ерлі-зайыптының нотариаттық келісімін ресімдеу процесі жеңілдей түседі. Бұдан былай нотариусқа жүгінбей-ақ, қажетті келісімді жылдам әрі ыңғайлы түрде ала алады.

«Процесс биометриялық сәйкестендірудің заманауи технологияларын қолдана отырып, деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді. Онлайн форматтың артықшылығы – нотариусқа жүгінуге кететін уақыт пен шығынды үнемдеу, сондай-ақ өзіне ыңғайлы мерзімде алу мүмкіншілігі», – дейді мамандар.

Нотариаттық қызметті онлайн форматта алу тәртібі:

«eGovMobile» платформасында тіркелу;

өтініш нысанын толтыру және биометриялық тексеруден өту;

бейнеқоңырау бойынша келісімді ресімдеу;

нотариустың қызмет ақысын төлеу.
Дайын құжат «Цифрлық құжаттар» сервисінде қолжетімді болады.

eGov-та осындай жаңа қызмет іске қосылды.😍

3️⃣ 2 қазаннан кейін 55 мыңнан аса алматылық банк қызметін қолдана алмайды.

Алматы Мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, төлем мерзімінің аяқталуына санаулы күндер қалса да, 55 644 Алматы тұрғыны жалпы сомасы 735 миллион теңге салықты төлемеген. Төленбеген салықтың негізгі бөлігі Алматының Медеу ауданы тұрғындарына тиесілі – 315 миллион теңге.

«Төлеу мерзімі өткеннен кейін салық төлеуді жүргізбеген тұлғалар салық заңнамасының нормаларына сәйкес банктік қызметтерді ала алмайды, оның ішінде банктік шоттар аша алмайды, аударымдар жасай алмайды, кредит ресімдей алмайды және т.б. Мерзімі өткен әрбір күн үшін Ұлттық банк белгілеген ресми қайта қаржыландыру ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі», – деп хабарлады Алматы МКД.

Бұдан басқа, салық органдары мәжбүрлеп өндіріп алу мақсатында сот орындаушыларына салық бұйрықтарын жібереді, олар борышкерлерге қатысты, оның ішінде мүлікке және банктік шоттарға тыйым салу, сондай-ақ елден тыс жерлерге шығуды шектеу шараларын қолданатын болады. Мұндай жағдайларда салық борышынан басқа, қарыз сомасының 25 пайызын құрайтын сот шығындары да ұсталады.

Салық төлемеуге байланысты келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін салық қызметкерлері жеке тұлғаларды жақын күндері мүлік салығын төлеуге шақырады.

Барлық сұрақтар бойынша бірыңғай байланыс орталығына 1414 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Себебі жеке мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады.📌