Әсет Қайыржанов, Геннадий Головкин, Тунис.26-шы қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 26 Қараша, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Батысқазақстандық спортшы Әсет Қайыржанов тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанды.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім еткеніндей, Әсет тоғызқұмалақтың блиц түрінен үздік шықты.

Қырғызстандық Анарбек Джамакеев екінші, тағы бір қазақстандық Медет Хұсайынов үшінші орынға ие болды.
Осылайша, Ә.Қайыржанов ересектер арасында Батыс Қазақстан облысынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Әсет Бауыржанұлы 2000 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Оралдағы мектептен тыс жұмыс орталығы жанынан ашылған тоғызқұмалақ үйірмесіне 2010 жылы қабылданып, жаттықтырушы Қанапия Қаяпбергеновтің қоластында осы ұлттық спорт түрімен шұғылдана бастаған. 2018 жылы қаладағы №19 орта мектепті үздік бітірген. Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша түлегі (2022 жыл).

Жасөспірімдер және жастар арасында Азияның үш дүркін чемпионы атанып үлгерген Әсет Қайыржановты қазіргі кезде БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары спорт шеберлігі мектебінде бапкер Жарасхан Сағынбаев жаттықтырады.

Құтты болсын!🔥🔥🔥

2️⃣ Әлем чемпионатында Аустралия Тунисті тізе бүктірді.

Бірінші турда аустралиялықтар әлем чемпиондары – француздарға 1:4 есебімен жол берсе, тунистіктер азулы командалардың бірінен саналатын даниялықтармен тең түскен еді (0:0).
Топтан шығудан үмітті үзбеу үшін қос құрамаға жеңіс ауадай қажет еді.
Ойын аустралиялықтардың басымдылығымен басталды. Ақыры олар 23-минутта дегендеріне жетті. Крейг Гудвин сол қанаттан керемет пас шығарып, Митчелл Дюк есеп ашты – 1:0.

Екінші кезеңде тунистіктер көбірек шабуылдап, таразы басын теңестіруге тырысып бақты. Екінші таймда тыңнан қосылған белгілі ойыншы Вахби Хазри де өз мүмкіндігін мүлт жіберді.
Осылайша, 1:0 есебімен жеңіске жеткен Аустралия үш ұпайға ие болып, өз тобында екінші орынға көтерілді.

Футбол тамашалап жүрсің бе?😉

3️⃣ Геннадий Головкин мен Жәнібек Әлімханұлы үздік боксшылар тізіміне енді.

WBA Super, IBF және IBO әлем чемпионы Геннадий Головкин бұрынғысынша ондықта көш бастап тұр, одан кейінгі орындарда WBC чемпионы Джермалл Чарло және WBO экс-чемпионы Деметриус Андраде.

WBO белбеуінің қазіргі иегері және оны 13 қарашада алғаш рет қорғап, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен британдық Дензель Бентлиді жеңген Жәнібек Әлімханұлы бесінші орында.

The Ring нұсқасы бойынша орта салмақтағы Топ-10:

1. Геннадий Головкин (Қазақстан)
2. Джермалл Чарло (АҚШ)
3. Деметриус Андраде (АҚШ)
4. Хайме Мунгия (Мексика)
5. Жәнібек Әлімханұлы (Қазақстан)
6. Крис Юбэнк-кіші (Ұлыбритания)
7. Карлос Адамес (Доминикана Республикасы)
8. Риота Мурата (Жапония)
9. Сергей Деревянченко (Украина)
10. Эрисланди Лара (Куба).

Керемет!😍😍😍