Ұшақ, Түркістан, Футбол. 25 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 25 декабря, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Ақтау маңында Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырады

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ құлады. Осыған байланысты ТЖМ түсініктеме берген болатын.

«Ақтауда ұшақ құлаған орынға Қазақстан ТЖМ жеке құрамынан 52 адам және 11 бірлік техникасы барды. Оқиға орнына келген бойда әуе кемесі жанып жатты. Құтқару бөлімшелері өртті сөндіруге кірісті».

«Қазаэронавигация» ақпаратынша, Баку-Грозный бағыты бойынша келе жатқан «Эмбрайр190» AHY8243 ұшағы Ақтауда құспен соқтығысқан.

Ал әзербайжандық БАҚ-тың хабарлауынша, бортта 67 адам мен 5 экипаж мүшесі болған.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы ұшақ апатынан кейін облыстық ауруханаға түскендердің тізімін жариялады. Алайда олардың ішінде қазақстандықтар жоқ.

“Апат салдарынан барлығы 29 адам аман қалды. Олардың 27-сі жедел жәрдем бөліміне жеткізілді. Ал 11-і ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала түсті. Оларды отаға дайындап жатыр. Оқиға орнынан төрт адамның мәйіті табылды”, — делінген хабарламада.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы аман қалғандардың тізімін ұсынды.

Үйде жатпа ұжымы қайтыс болған адамдардың отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады! 😓

2️⃣ Мәжіліс Түркістан қаласының ерекше мәртібесі туралы заңды қабылдады

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңы мен іліспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Аталған құжаттар 2022 жылғы 27 қыркүйекте Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берілген тапсырманы іске асыру мақсатында әзірленді.

“Екінші оқылымға дайындық барысында жұмыс тобы барлық түскен ұсыныстар мен толықтыруларды, бірінші оқылымда қаралған мәселелерді жан-жақты талқылады. Негізгі заң жобасы 3 тарау мен 13 баптан тұрады. Ілеспе заң жобасында сәулет, қала құрылысы қызметін нормативтік реттеуге және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген”, — деді Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев.

Аталған заңдар аясында:
- Түркістан қаласына ерекше мәртебе берудің негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары айқындалады;
- Түркістан қаласының аумағында тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қамтамасыз етіледі;
- орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Түркістан қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілеттіктері қайтадан қарастырылып, жаңа құзырет беріледі.
— Нәтижесінде, рухани, тарихи-мәдени мұрамызды сақтау, қолөнершілерді қолдау, туризмді дамыту, қалада кедергісіз ортаны қалыптастыру және басқа да игі істер бойынша жұмыс қолға алынады, — деді депутат.

Тамаша! Енді Түркістанда біраз өзгеріс болмақ👍

3️⃣ Футбол клубтарына бөлінетін қаржы 2,2 млрд теңгеге қысқартылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спорт саласына бөлінген қаражатқа мониторинг жүргізді. Нәтижесінде миллиардтар мен тиімсіз басқарылған спорт нысандары мемлекетке қайтарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымы бойынша министрлік және жергілікті атқарушы органдар келесі жұмыстар атқарды:

Бұқаралық және кәсіби спортты қаржыландырудағы диспропорция жойылды. Былтыр бұқаралық спортқа 35 млрд теңге, ал кәсіби спортқа 340 млрд теңге бөлінген. Ал биыл бұқаралық спортқа 195,4 млрд және ал кәсіби спортқа 185,5 млрд бөлінді.

«Жалған спорттық іс-шараларға және жалақыларға негізсіз үстемақыға жұмсалған 1,3 млрд теңге бюджетке өтелді. Футбол клубтарын қаржыландыру 2,2 млрд теңгеге қысқартылды. Мысалы, Түркістан облысында 1 млрд, Ақмола облысында 390 млн, Қостанай облысында 350 млн, Павлодар облысында 300 млн, Жетісу облысында 146,2 млн теңгеге қысқарды», — дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Кәсіби спортты қаржыландру 4,6 млрд теңгеге дейін төмендеді. Сондай-ақ тиімсіз басқарудан 8 спорт нысаны қайтарылды.
«Мысалы, Алматыдада секі спорттық нысан Атырау облысында 2 нысан, Батыс Қазақстан облысында 3 нысан, Қостанай облысында – 1 нысан қайтарылды», — дейді ведомство.

Сонымен қатар жалған спортқа жұмсалған 1,3 млрд теңге мемлекет бюджетіне қайтарылыпты📌