Шаш, Төлем, Олимпиада. 21 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 21 августа, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылардың шаш бояуына тыйым салынатынын жеткізді

“Биылдан бастап министрліктің қойып отырған талабы – мектептің ішкі ережесін сақтау. Мектеп бірінші кезекте өзінің негізгі миссиясынан ауытқымауы керек, бұл сапалы білім, саналы тәрбие беру. Мектептің ішкі тәртібінде балалардың үлгерімінің жоғары болуы, тәртіпті сақтауы және мектеп формасын қатаң ұстануы – бекерден-бекер жасалған дүние емес. Бұл жастарымыздың әлем жастарынан кем болмауына түркі болатын жағдаяттар. Сондықтан біздің ата-аналар да, оқушылар да мектепке келгенде мықты білімді азамат болып шығуды, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуды мақсат етуі керек. Бұл мәселеде мектептің ішкі тәртібіне бағыну керек, яғни шаш бояуға болмайды, тәртіпті сақтауымыз керек”, — деді Оқу-ағарту министрі.

Сіз келісесіз бе?🤔

2️⃣ Парижде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайға автокөлік сыйға тартылды

Демеушілер есебінен Нұрбек Оралбайға Land Rover Defender автокөлігінің кілті, ал жаттықтырушысы Асқар Еркебаевқа10 млн теңгенің сертификаты табыс етілді.

«Нұрбек Оралбай еліміздің әрі қаламыздың атынан сынға түсті! Оның бұл жетістігінің артында мыңдаған сағаттық жаттығулар, сол сияқты отбасының, жаттықтырушысының және туыстарының қолдауы мен өзіне деген сенімі жатыр! «, — деп жазды қала әкімі Жеңіс Қасымбек желідегі парақшасында.

Құтты болсын!🔥


3️⃣ Тоғыз мыңнан астам қазақстандыққа арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуын арттыру жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру үшін Қазақстанда арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнайы төлемді тағайындау үшін 55 жасқа толуы және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы міндетті шарт болып саналады.

Бүгінгі таңда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген 9145 азаматқа 1,7 млрд теңге сомасына арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды.

Төлем 4 көзден – республикалық бюджеттен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, жұмыс берушіден және өмірді сақтандыру компаниясынан жүргізіледі.

Арнайы төлем тағайындауға өтініш білдіргендердің ең көбі Қарағанды (1696 адам), Қостанай (1180 адам), Шығыс Қазақстан (1132 адам), Павлодар (1015 адам), Ақтөбе (599 адам), Ақмола (566 адам) және Абай облыстарында (505 адам) тіркелді.

Арнайы төлемнің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгені құрайды. Қызметкерлер жалақыны да, арнайы төлемді де алуды жалғастыра отырып, денсаулыққа зияны аз жұмысқа ауыса алады, немесе олар зейнетақы тағайындалғанша төлем ала отырып, демалысқа шыға алады.
Арнайы төлем зейнет жасына дейін беріледі. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аталған адамдарға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерге қосымша мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындалатын болады.

1 қаңтардан бастап беріледі екен👍