Шетел, Универ,Пән. 5 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 05 августа, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстандағы шетел университетін тәмамдаған түлектер елімізде жұмыс істеуге міндеттеледі.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева inform.kz-ке мәлім етті.

“Елімізде филиалдары ашылып жатқан шетелдік университеттер әлемнің үздік 500 университеті рейтингісіне, кейбірі ТОП-100 тізіміне кіреді. Сондықтан филиалдар жоғары оқу орындарын саралаудың ұлттық жүйесіне кірмейді. Жалпы қазақстандық ЖОО-да болсын, шетелдік университеттердің филиалдарында болсын, студенттер үшін білім алу тең құқықтар мен міндеттерді көздейді. Грант иеленген студенттер оқуын аяқтаған соң белгілі бір мерзім Қазақстанда (мемлекеттік кәсіпорындарда немесе жеке секторда) жұмыс істеу талабы қойылады”, — дейді Жанна Есінбаева агенттік жолдаған сауалға жауап бере отырып.

Оның айтуынша, ақылы негізде оқыған түлектерге елімізде белгілі бір мерзімде жұмыс істеу міндеті жүктелмейді. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік білім беру тапсырысы жоспарына сәйкес 2024-2025 оқу жылына шетелдік университеттер филиалдарында білім алатын студенттерге жалпы саны 1635 мемлекеттік грант бөлінді.

2025-2026 оқу жылына – 1585, 2026-2027 оқу жылына – 1335 грант бөлу жоспарланып отыр.

Қалай ойлайсыз, дұрыс па?🤔

2️⃣ Еліміздегі шетел университеті филиалдарында “Қазақ тілі” мен “Қазақстан тарихы” міндетті пәндер есебінде оқытылады.

Бұл туралы inform.kz мәлімдеді. Бүгінде Қазақстанда 27 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылған.

“Негізі “филиал” атауы көпшіліктің қабылдауына ыңғайлырақ болуы үшін қолданылады. Ал шын мәнінде бұларды “стратегиялық серіктестік” деп атау дұрысырақ болады. Көп жағдайда қазақстандық жоғары оқу орны негізінде шетелдік университеттердің оқу бағдарламаларын оқытатын бөлек бірлік құрылады. Бұл филиалдар ұлттық заңнамаға сәйкес Әділет министрлігінде есептік тіркеуге тұрады. Сонымен қатар, басқа ЖОО-нан тәуелсіз бөлек орналасқан филиалдар да бар, бұлардың бір бөлігі жеке заңды тұлға ретінде тіркелсе, басқалары есептік тіркеуге тұрады, — деп түсіндірді Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева агенттік жолдаған сауал жауабында.

Оның айтуынша, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша да қойылатын талаптар бар.

“Олардың негізгісі оқу бағдарламасына “Қазақ тілі” және “Қазақстан тарихы” пәндерін міндетті түрде енгізу. Одан бөлек, филиалдың профессорлар-оқытушылар құрамының жалпы санының кемінде 30%-ын шетелдік профессорлар-оқытушылар болуы тиіс. Әрине, филиалдарға жергілікті мамандар да тартылады”, — дейді Ж.Есінбаева.

Тамаша!🔥

3️⃣ Ұлттық банк алаяқтыққа тән транзакциялар туралы дерек алмасатын Антифрод-орталықты іске қосты.

Ұлттық Банк Алаяқтыққа тән транзакциялар бойынша дерек алмасу орталығының (бұдан әрі – Антифрод-орталық) өндірістік пайдалануға берілгенін хабарлайды. Жоба құқық қорғау органдарымен және қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп іске асырылды. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі мәлім етті.

“Антифрод-орталығы алаяқтық белгісі бар операцияларға қарсы әрекет ету үшін құрылған. Қаржы ұйымдарына алаяқтыққа тән операцияларды анықтауға және бұғаттауға, алаяқтық белгісі бар операцияларға жедел әрекет етуге, оның қатысушылары арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға да мүмкіндік береді. Антифрод-орталықтың жұмысы алаяқтық операциялар бойынша бірыңғай деректер базасын жүргізуді де көздейді”, — делінген хабарламада.

Платформа іске қосылған сәттен бастап қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары алаяқтық операциялар бойынша 400-ге жуық фактіні анықтады және алаяқтық әрекеттермен байланысты 30 миллион теңгеге жуық қаражатты бұғаттады.

“Антифрод-орталығы ашық бағдарламалық интерфейстер (API) мен бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы одан әрі дамып, технологиялық функционалдылықты кеңейте түседі. Күдікті транзакцияларды анықтау тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану да жоспарда бар”, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық Банк, сондай-ақ, ықтимал алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін Антифрод-орталықтың қызметкерлері мен өкілдері ақпарат жинау немесе қандай да бір операция жүргізу мақсатында ешуақытта жеке тұлғаға қоңырау шалмайтынын хабарлайды.

Антифрод-орталық өз қызметі аясында жеке тұлғалармен өзара байланыс орнатпайды, тек қаржы, төлем ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ұялы байланыс операторларымен жұмыс істейді.
Осыған байланысты азаматтарды қырағы болуға және Антифрод-орталығы атынан деп қоңырау шалуы мүмкін алаяқтардың әрекетін елемеуге шақырады.

Сақтықта қорлық жоқ👍