Шымбұлақ, Гиннес, Елена Рыбакина. 27 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 27 Наурыз, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Елена Рыбакина қазақстандық жас теннисшілерге қаржылай қолдау көрсетіп, 2,5 млн теңгеден берді.

2022 жылғы Уимблдон турниріндегі жеңісінен кейін Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы сыйақы қаржысының бір бөлігін қайырымдылыққа және жастарды қолдауға жұмсайтынына уәде берген еді.

«Ал жуырда Қазақстанның бірінші ракеткасы жас қазақстандық теннисшілердің болашақта өзі сияқты топ-ойыншы болуы үшін қарқынды дамуына қаржы бөлді. Рыбакина кімге қолдау көрсету керектігін өзі таңдады. 14 ойыншы 2,5 млн теңгеден алды. Олар: Линара Бөлешева, Полина Барабанова, Әмина Нұрмахан, Ариана Гогулина, Сәтима Төреген, Ева Корышева, Альбина Кәкенова, Асылжан Арыстанбекова, Дана Байдәулет, Іңкәр Дүйсебай, Айя Нұпбай, Полина Слепцова, Сандуғаш Кенжебаева, Зара Дәркен», – делінген Қазақстан теннис федерациясының хабарламасында.

Қазақстандық және халықаралық ареналарда жеңіске жете бастаған қыздардың әрқайсысы өзінің теннистегі тарихын айтып, Еленаға хат жазған болатын.

«Жас ойыншылар үшін турнир ұйымдастыру немесе грант бөлу дұрыс бола ма деп ойлаймын, өйткені өзім де кезінде Қазақстаннан үлкен қолдау таптым. Енді жас ұрпақтың дамуына менің көмек көрсететін кезегім келді», – деп уәде беріп еді Рыбакина Уимблдондағы жеңісінен кейін және енді сол уәдесін орындады.

14 ойыншы 2,5 млн теңгеден алды. 👍

2️⃣ Республикалық олимпиада жеңімпазы атанған 29 оқушыға білім гранты табысталды.

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 422 оқушы жүлделі орынға ие болды. Оның 86-сы алтын, 127-сі күміс, 209-і қола медаль.

«Үздік олимпиадалық команда» номинациясының бас жүлдесіне НЗМ оқушылары ие болды. Бірінші орынды Алматы қаласының бірқатар мектебі мен Республикалық физика-математика мектеп командасы иеленді», – деп жазылған хабарламада.

Астана қаласы, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының командалары екінші орынды жеңіп алса, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды облыстарының оқушылары үшінші орынға ие болды.
Сонымен қатар Абай облысының 10-сынып оқушысы Әмір Шәукенов «Ауылдық жердің үздік оқушысы» номинациясымен марапатталды.

Бұл олимпиаданың ерекшелігі биылғы жеңімпаз түлектерге білім гранты табысталды. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына 29 грант берілді. Олар – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Toraighyrov University, Satbayev University, IT Халықаралық университеті, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, Auezov University, Shakarim University, KBTU.

Еңбек қашан да ақталады👏🏻

3️⃣ Шымбұлақ Гиннестер рекорды кітабына енді.

Рекорд нәтижесін ресми тіркеу және сертификаттарды тапсыру рәсімі «Талғар асуы» станциясында, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте, Guinness World Records компаниясы өкілдерінің қатысуымен өтті.

«2023 жылдың 26 наурызында «Шымбұлақ» Гиннес рекордтар кітабына «Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғысы трассасы бар курорт» ретінде ресми түрде енгенін жариялаймыз.
Баршаңызды құттықтаймыз! Осы күнді бізбен бөлісіп, тарихи сәтке айналғандарыңызға рақмет!», – деп хабарлады курорттың баспасөз қызметі.

Салтанатты іс-шарада курорт әкімшілігіне жетістікті растайтын сертификат табысталды.

«Әлемдегі ең биік түнгі тау-шаңғы бөктері» номинациясы бойынша Гиннестер рекорды жаңартылды😍🔥