Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Шымкентте бастапқы жарнасы 10 пайызды құрайтын жаңа ипотека іске қосылады.
Жақында Шымкент қаласының әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп, «Qamqor» атты жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосты. Бұл арқылы 10 пайыздық бастапқы жарнамен баспана сатып алуға болады.
Бағдарлама шарты бойынша сіз қайталама нарықта бастапқы жылжымайтын мүлікті де, пәтерді де сатып ала аласыз. Ең бастысы оның құны 20 миллион теңгеден аспауы керек.
Алғашқы 8 жылдағы пайыздық мөлшерлеме 5%-ды құрайды, кейін жылдық 3,8%-ға дейін төмендейді.
Максималды сома – 20 миллион теңге, қарыз алушы алғашқы 8 жылда 155 000 теңге, ал одан кейін 87 000 теңге төлейді екен.
Шымкент тұрғындары үшін керемет мүмкіндік болайын деп тұр.🔥
2️⃣ Полиция қызметкерлері әскерге шақырудан жалтарып жүрген жас жігіттерді іздестіру мақсатында рейд жүргізіп жатыр.
Қорғаныс министрлігі тіркелген жерінде тұрмайтын жас жігіттерге сотқа шақыру қағазын беру мәселесі өзекті болып отырғанын хабарлады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің өкілі Руслан Тапашев айтты.
«Полиция қызметкерлері қорғаныс істері жөніндегі департаменттің шақыртуы бойынша келмей, әскерге шақырудан жалтарып жүрген жас жігіттерді іздестіру мақсатында рейд жүргізіп жатыр. Мәлімделген мекенжайларда тұрмайтын немесе ата-анасы әдейі жасырын ұстап жүрген жас жігіттерге сотқа шақыру қағазын беру мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Сондықтан мұндай жастарды анықтап, оларды қабылдау орталықтарына жеткізу бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жалғасады», — деп түсіндірді ол.
Ал сенің әскерге баратын ойың болды ма?🤔
3️⃣ Астана іргесінде ашық аспан астындағы музей салынып жатыр.
Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі мәлімдеді.
«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен салынып жатыр.
«412 гектар аумақты алып жатқан кешен еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы музей саналады. Қазіргі кезде музей аумағына қос қапталдан кіруге арналған биіктігі 7 метрден асатын кіреберіс қақпа мен бекініс қабырғаларының құрылысы басталды. Кіреберіс пен бекіністегі мұнаралар сол кезеңдегі технология бойынша арнайы жасалған құрылыс материалдарымен қапталады», — делінген хабарламада.
Жобаның негізгі мақсаты – ашық астап астындағы музейде дала өркениетінің озық жетістіктерін көрсету. Мұнда Бозоқ қалашығымен қатар, энеолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі тарихи кешендердің тарихи реконструкциясы бой көтереді. Әр кешенде материалдық және рухани мәдениеттің қалыптасу тарихы көрсетіледі: сарай кешендері, ғибадатханалар, тұрғын үйлер, металлургиялық және қыш пештер, ұстаханалар мен шеберханалар, қолөнершілер орамы, ортағасырлық базар, петроглифтер.
Тамаша!😍