Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ 1 қаңтардан бастап 17 жастағы қазақстандықтар әскерге шақыру учаскелеріне проактивті режимде тіркеледі.
Қорғаныс ведомствосының бұл жобасы «Электронды үкімет» порталы және еGov мобильдік қосымшасы арқылы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейтін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бағытталған.
Үкімет қорғаныс министрлігінің 2024 жылы азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді автоматты түрде жүргізу туралы бастамасын қолдады.
«Тіркеу азаматтарды әскери есепке алу, олардың саны мен әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау мақсатында жүзеге асырылады. Егер бұрын бұл деректер аудандар мен қалалардың қорғаныс істері жөніндегі басқармалары мен бөлімдерінде өткізілетін шаралар барысында анықталса, енді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциялық өзара іс-қимыл деңгейі 17 жастағы жастарды олардың тікелей қатысуынсыз әскери есепке алуға мүмкіндік береді», — дейді қорғаныс министрлігіндегілер.
Жастардың денсаулық жағдайы туралы мәліметтер денсаулық сақтау ұйымдарының ақпараттық жүйелерінен алынады.
Ведомство ақпаратынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2007 жылы туған Қазақстан азаматтары тіркелуге жатады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл шамамен 120 мың бозбала.
Проактивті режим әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді ұйымдастыру және жүргізу үшін жыл сайын бөлінетін миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қызметті автоматтандыру сол сияқты шақыру учаскесіне тіркелу туралы куәліктерді алу қажеттігін де жояды, деп нақтылады министрлік.
Бұл жыл сайын бөлінетін миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. 👍
2️⃣ Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік шәкіртақы мөлшері артады.
1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері артады. Тиісті тапсырманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын, деп хабарлайды Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Атап айтқанда,
Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%,
Магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%,
Техникалық және кәсіптік білім студенттерінің шәкіртақысы 50% арттырылды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды.
Қаулыда белгіленген шәкіртақы мөлшері төмендегідей:
докторанттарға (оның ішінде «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша) – 217 500 теңге;
даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге;
магистранттарға – 97 024 теңге;
интерндерге – 75 890 теңге;
жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша білім алатын студенттерге – 67 200 теңге;
даярлаудың педагогикалық бағыттары және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 41 898 теңге;
техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге;
техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 31 422 теңге.
Қаулы 2023 жылғы 1 қыркүйектен қолданысқа енеді.
Айта кетейік, сонымен қатар мемлекет басшысының жолдауын іске асыру аясында келесі айдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 процентке өсетін болады.
Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға өседі✔️😍
3️⃣ Алматыда студенттерге арналған дағдарыс орталығы іске қосылды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдерінің айтуынша, биыл үш мегополисте алғаш рет дағдарыс орталығы жұмысын бастады. Астана мен Алматыда 30-дан, ал Шымкентте 20 орынға лайықталған. Ешкім далада қалмайды.
«Оған қоса әрбір жоғары оқу орнының жанынан ахуал орталығы да құрылды. Мұның барлығы үлкен қалаларға білім іздеп келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр», — деп жазды Ғылым және жоғары білім министрлігінің Телеграм каналы.
Студенттер жатақханаға өтінішті онлайн түрде жібереді. Жауабы 1 күн ішінде беріледі. Ал жатақхана жетпеген жағдайда хостелге орналастырады. Алматы қаласы бойынша қыркүйекке дейін жаңасы бар, қайта жасалғаны бар 5 жатақхана қолданысқа беріледі. Бұл дегеніңіз 1 600-ге жуық орын. Оған қосымша жыл соңына дейін дәл осындай 14 нысанның құрылысы аяқталып, 4 мыңға тарта студент жатақханаға орналасады.
📌 Бұл жерде студент жатақханаға орналасқанша 1-2 күн түнеп шыға алады.