Соңғы үкім, Несие, Қорқыт ата. 8-ші қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 08 ноября, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Қазақстанда жыл соңына дейін 28 мың адамның несиесі толық кешірілетін болды.

Бұл туралы Экспресс К хабарлайды.

Мәжіліс депутаттары нисиеге қатысты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сауал жолдаған еді. Оған жауап берген агенттік төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Агенттік кепілсіз онлайн микрокредит беру сегментіндегі 30 микроқаржы ұйымынан азаматтардың проблемалық микрокредиттерін төмендету жөніндегі жеке жоспарларын талап еткен.

2022 жылдың соңына дейін микроқаржы ұйымдары 33,1 миллиард теңге сомасына 432 мың қарыз алушының проблемалық берешегін қайта құрылымдауды жоспарлаған. Ал 107 мың қарыз алушының 0,8 миллиард теңгесі ішінара, ал 28 мың адамның несиесі толық кешіріледі,
— дейді Нұрлан Әбдірахманов.

Агенттік өкілінің мәліметінше, 2022 жылдың 1 қазанына дейін микроқаржы ұйымдары 285,5 мың қарыз алушыға қатысты проблемалық берешекті төмендету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырды. Оның ішінде негізгі борыш пен сыйақы бойынша 66,4 мың қарыз алушының 585 миллион теңге берешегі, 756 миллион теңге тұрақсыздық айыбы толық және ішінара кешірілген.

Керемет!👏🏻🔥

2️⃣ Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы «Соңғы үкім» фильмі келесі жылы көрерменге жол тартады.

Бүгінде түсірілім тобының Семей қаласында 4 күндік жұмысы қалды.

Авторлар фильмді жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Картинаның сюжеті Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. Түсірілім тобын Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарады. Нұрмұхамбетов «Жаңғақ ағашы» фильмі үшін Оңтүстік Кореяда өткен Пусан халықаралық кинофестивалінің гран-при иегері атанған. Режиссердің «Уақыт жолдары» атты кейінгі картинасы осы жылы Францияда прокатқа шықты. Оның серіктесі Ерген Тоқмурзин көптеген деректі фильмдердің қоюшы режиссері болған.

Түсірілім жұмыстарының бірінші кезеңі 2021 жылы түсірілді. Негізгі локациялары – Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысы. Қоюшы оператор – Марс Омаров. Бас продюсер – Дастан Атығаев. Сценарий авторы – Ғалым Доскен.

Басты рөлде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды. Сондай-ақ картинада Еркебұлан Дайыров, Дәурен Сергазин, Айдар Наурызбаев, Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев, Дарья Александрова және Ерлан Кәрібаевтар ойнайды.

Фильм қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері және саяси публицист Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған. Картина мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсіріледі. Оған 1 млрд теңге бөлінген.

Фильм қазіргі таңда түсіріліп жатыр😍

Асыға күтеміз!🫰🏻

3️⃣ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ғылым және технологиялар университетінің филиалы ашылады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Оңтүстік Кореядан келген делегациямен кездесу өтті. Жиында екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды.

Кездесуде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова қазіргі уақытта университет 170-тен астам шетелдік оқу орны, мәдени және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық байланыста екенін атап өтті. Бұл елдердің ішінде Корея Республикасы ерекше орын алады.
Университетте өткен кездесуде бюджет жөніндегі арнайы комиссияның төрағасы, Кореяның ұлттық қаһарманы, генерал Хон Бом До қоғамының төрағасы У Вон Сик Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті инженерлік мектебінің филиалын кезең-кезеңімен ашу жоспарланғанын айтты, деп хабарлады ғылым және жоғары білім министрлігі.

Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлесіп жұмыс жүргізу Қызылорда облысының және жалпы еліміздің экономикалық және цифрлық дамуына үлкен үлес қосады.
Кездесу барысында Кореядан келген делегация университет кітапханасындағы «Қолжазбалар және сирек кітаптар» бөлімінің қорымен танысты. Корей тіліндегі сирек кітаптар мен қолжазбалар қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Енді сапалы білім қолжетімді болмақ👍