Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Софья Берульцева Азия чемпионатынан каратэден алтын медаль жеңіп алды.
21 шілдеде Малайзияның Малакка қаласында WKF каратэден ересектер арасындағы XIX Азия чемпионаты басталды. Биылғы бәсекеге құрлықтағы 31 елден 400-ге жуық татами шебері жиналды. Оның ішінде қазақстандық 19 спортшы бар. Ұлттық құрама каратэшілері чемпионатты сәтті бастады.
Алғашқы күні кумите бағдарламасында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева (68 келіден жоғары) өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.
Финалға шыққан тағы бір отандасымыз Дидар Әмірәлі қарсыласқа жол беріп, күміс медаль алды.
Кумитеде Жоламан Биғабыл (55 келі), сондай-ақ ката бағдарламасында Лия Қошқарбаева қола жүлдеге ие болды.
Азия чемпионаты 23 шілдеде аяқталады.
Құтты болсын!👏🏻👏🏻👏🏻
2️⃣ Жас ғалым Гүлжан Түзелбаева «Алматы апорты» иіссуын жасап шығарды.
Бұл туралы «Хабар 24» арнасы мәлімдеді.
Парфюмер болуды Гүлжан бала кезінен армандаған. Біздің елде мұндай мамандықты дайындамайды. Сондықтан мектеп бітірген соң, бойжеткен иіссудың отаны Францияға аттанады. Сол жақтағы парфюмериялық институтқа түсіп білім алып шығады. Қазір бірнеше иіссу топтамасының авторы. Зертханалық жұмыстарын Сәтбаев университетінде жасайды.
«Маған парфюмның хош иісі бұрыннан ұнайды. Есімімді де Гүлжан деп тегін қоймаған шығар. Иісінен-ақ кез келген гүлді ажыратып айтып бере аламын. Алматы апортымен, жайқалған гүлімен танымал. Соны брендке айналдырғым келеді. Әрине жұмыс оңай емес. Шикізаттың біразын Франциядан алдырамыз. Концентраттың бір бөлігі осында жасалады», — дейді парфюмер Гүлжан Түзелбаева.
«Алматы апорты» иіссуына франциялық мамандардың өздері жоғары баға берген.
Иіссудың алдымен формуласы жасалады. Яғни құрамын, мөлшерін анықтап алады. Бір тамшы артық не кем болса иіссу мүлдем өзеріп кетеді. Сондықтан өте ұқыптылық керек. Қазір оның зертханасында 20-ға жуық ингредиент бар. Әсіресе, алма, балқарағай, раушан, ваниль, апельсин иісіне негізделген концентраты ерекше.
Қазірдің өзінде Гүлжан 60-қа жуық парфюм жасап шығарған. Оның арасында хош иісті балауыз бен үйге арналған жұпар да бар. Алдағы уақытта ол зауыт ашып, айына 10 000 дана парфюм өнімін шығаруды жоспарлап отыр.
Тамаша!👍
3️⃣ Сәкен Сейфуллин туралы фильм түсіріледі.
2024 жылы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толады. Осыған орай фильм түсіру жоспарланған. Бұл жайында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Telegram-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің жазуынша, ол арнайы ашылған орталықта азаматтарды қабылдаған.
«Келесі жылы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығын мерекелеу тақырыбы талқыланды. Актер және жазушы Қанат Жүнісов көрнекті жазушы және қоғам қайраткеріне арналған фильмнің сценарийі мен операсын ұсынды. Ұсыныс қызық. Әсіресе, опералық қойылым. Біз отандық авторлардан спектакльдер санын көбейтуге бағыт алдық, сондықтан бұл мәселе мұқият зерттеледі. 2030 жылға қарай қазақстандық авторлардың қойылымдарының санын 600-ге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», — деді Асхат Оралов.
Ведомство басшысының атап өтуінше, қабылдау кезінде фильм түсіру және ерекше қажеттіліктері бар әртістерге арналған концерттік алаңдарды ұсыну үшін қолданылатын ретро техниканы сақтау мәселелері көтерілген.
«Мен жауапты комитетке осы ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастыруды тапсырдым. Сондай-ақ қабылдауда әнші Алтыншаш Мұқатаева болды. Ол біздің министрліктің қолдауымен шығармашылық жолын жалғастыруға ниет білдірді. Біз әрқашан ерекше қажеттіліктері бар әртістердің және инклюзивті шығармашылық ұжымдардың өнерін қолдаймыз. Мұндай кездесулер мұнымен тоқтамайды. Бұдан бөлек өңірлерді аралап, тұрғындармен есептік кездесулер өткізуді жалғастырамын», — деді министр.
Керемет! Ал сіз Алаш зиялылары туралы түсірілген фильмдерді тамашаладыңыз ба?😍