Спортшы,Автомобиль,Робототехника. 8 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 08 декабря, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Ашық суда жүзуден қазақстандық спортшы ел тарихында тұңғыш чемпион атанды.

Ашық суда жүзуден өткен «Oceanman» халықаралық жарысында топ жарып, Қазақстан тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған елордалық Алпамыс Әмір елге оралды.

Тайланд елінің Пхукет қаласында өткен байрақты бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен барған 70 елдің спортшылары бас жүлдеге таласты. Жиырма жылдан бері үздіксіз өткізіліп отырған халықаралық жарысқа Қазақстан атынан елордалық Алпамыс Әмір қатысты. Нәтижесінде жерлесіміз 2 шақырымдық қашықтықта Іnspiration санаты бойынша қарсылас шақ келтірмеді.

«2 шақырымдық Inspiration санатында елордалық мектебіміздің спортшысы чемпион атанды. Алпамыс Әмір «Барыс» спорт кешенінде аптасына 6 рет жаттығады. Әлем чемпионатына сәуір айынан бастап тыңғылықты дайындалды. Еңбек пен төзімділік өз жемісін берді. Спортшымызбен мақтанамыз. Спорт даму ерекшелігіне қарамастан, барлығына ортақ екендігі қуантады», — деді Интеллектуалды даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясының президенті Дина Темірғалиева.

Жерлесімізді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, спортшының туған-туыстары, жанкүйерлері мен спорт саласының өкілдері қуана қарсы алды.

Елордалық Алпамыс Әмір елге осындай қуанышты жаңалықпен оралды!😍

2️⃣ Оңтүстік Корея еліміздің автомобиль өнеркәсібі үшін маман даярлайды.

Қостанай өңірлік университеті мен Пусан университеті ректорлары меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, қазақстандықтар келер жылдың наурын айынан бастап Оңтүстік Кореяның жоғарғы оқу орнында білім ала бастайды.

Бұл туралы Хабар 24 мәлімдеді.
Ал оқуын тәмамдаған соң Қостанай облысындағы көлік шығару зауытында жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, машина жасау кәсіпорнының құрылысы бір ай бұрын басталған болатын. Зауыт 2025 жылдан бастап жылына 70 мың автокөлік шығарады.

Кәсіпорында бір жарым мың адам жұмыс істейді.

«Конкурс өткізілді, біз жақсы оқитын, тіл үйренуге қабілеті бар және тіл білетін студенттерді дайындап, құжатын ала келдік. 1 наурыздан бастап 3 студентіміз осы жерде білім алады», — дейді А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейітбек Қуанышбаев.

Керемет бастама!👍

3️⃣ Алматыда дрондар және робототехникадан ашық чемпионат өтеді.

Биыл 11-12 желтоқсанда Алматыда «Атакент» көрме орталығында Tech Cup Almaty робототехника және дрондардан IX ашық чемпионаты өтеді.

Оқу-ағарту министрлігі чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 6-22 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер қатысады. Жарысқа 2500-ден астам оқушы, оның ішінде ауыл мектептерінен де қатысады деп күтілуде.

Жас өнертапқыштар роботтар және дрондар ойынында жарысып қана қоймай, «өнердегі ғылыми инновациялар» тақырыбында өз инновациялық жобаларын ұсынады.
Чемпионат аясында барлық қатысушы үшін шеберлік сағаттары, оқушылар арасынан стартап-кәсіпкерлер аллеясы, жетекші IT-компаниялар спикерлерінің және Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының семинарлары жоспарланған. Сондай-ақ павильон аумағында Дүниежүзілік код сағаты өтеді.

Жеңімпаз командалар Үндістан, Индонезия, Түркия чемпионаттарына қатысуға лицензиялармен, 10 000 000 теңгеге дейін ақшалай сыйақымен, ҚБТУ, Тұран, Satpayev және SDU университеттеріне гранттармен марапатталады.

Жеңімпаз командаларға 10 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы, университеттерге грант беріледі.🔥