StartX клубы, Балалар, ҰБТ. 21 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 21 апреля, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Қазақстандық стартап-кәсіпкер тарихта алғаш рет Стэнфорд университетінің StartX клубы құрамына кірді.

Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мәлімдеді

«Досжан Жүсіпов пен Cerebra жобасының командасын кезекті жетістігімен құттықтаймын! Біздің қазақстандық стартап-кәсіпкер тарихта алғаш рет Стэнфорд университетіне қарасты беделді StartX клубының құрамына кірді. Бұл – қазақстандық ІТ-индустрия үшін үлкен оқиға. Cerebra жобасының StartX-ке қабылдануы Қазақстанның озық DeepTech технологияларды шығара бастағанын дүниежүзіне әйгілейді», — деп жазды министр.

Оның мәліметінше, аталған оқиға қазіргі таңда CatGPT сынды жасанды интеллект түрлері дамып жатқанда, біздің қол қусырып отырмағанымыздың айқын бір көрінісі. Себебі, Cerebra жасанды интеллекттің базасында жасалған. Ол Қазақстанда инсультті сапалы диагностикалау және осы патологиядан мүгедектік пен өлім-жітім деңгейін төмендету үшін құрылған.

«StartX сияқты беделді қауымдастықтармен қарым-қатынасты дамытуды Мемлекет басшысы өзінің АҚШ-қа іс-сапарының қортындысы аясында жүктеген болатын», — дейді Мусин.

Айта кетейік, StartX – бұл 1800-ден астам кәсіпкерлерден, салалық сарапшылардан Стэнфорд профессорларынан тұратын қауымдастық. Ол өсу сатысында тұрған және жақсы қаржыландырылған 700-ден астам стартапты қамтиды. StartX қауымдастығына мүше компаниялардың жалпы құны 26 миллиард доллар шамасында.

Керемет! Құтты болсын!🔥

2️⃣ Оқу-ағарту министрлігі балаларды теріс контенттен қорғау үшін бөлек сим-карта енгізуді ұсынды.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, бүгінде балаларға арналған сим-карталар енгізу арқылы олардың әлеуметтік желілерді ата-анасының рұқсатынсыз пайдалануына, түнгі уақытта интертнет желісіне қосылуына шектеу енгізу қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар балалардың интернетті пайдаланылуына ата-ана бақылауын қолдану тәсілдері бойынша кең көлемді ақпараттық жұмыстарды жүргізу маңызды екенін де жеткізді.

Бұл бастаманы қолдайсың ба?🤔

3️⃣ Негізгі ҰБТ-да Менделеев кестесінің қағаз нұсқасын пайдалануға рұқсат беріледі.

Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.

ҰТО басшысы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында Атырау қаласы мектептерінің түлектерімен кездесу өткізіп, Менделеев (Химиялық элементтердің периодтық жүйесі) және тұздар ерігіштігі кестесінің басып шығарылған нұсқасын көрсетті.
«Баршаңызға мәлім, «Химия» пәнін тапсырушыларға Менделеев және тұздар ерігіштігі кестесі компьютерде беріледі. Алайда түлектер оның қағаз нұсқасын пайдалануға рұқсат сұрады. Осыған дейін айтқанымдай, біз 2023 жылғы ҰБТ-да тестіленушілердің қалауы бойынша кестелердің қағаз нұсқасын беру туралы шешім қабылдадық», — деп атап өтті Руслан Емелбаев.

ҰТО директорының айтуынша, талапкерлер кестенің электрондық немесе қағаз форматын да қолдана алады.

Сондай-ақ, ол талапкерлерге қағаз нұсқасын тест әкімшілері ҰБТ-ның өзінде беретінін ескертті.

Химия пәнін таңдап жатқандарға жақсы жеңілдік болған екен👍