«Stipendium Hungaricum», Кинофестиваль, Қазақ күресі. 7-ші желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 07 Желтоқсан, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!👇🏻

1️⃣ Мажарстан қазақстандықтарға «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы аясында 250 білім беру грантын ұсынды.

Бұл туралы Халықаралық бағдарламалар орталығы мәлімдеді.

Мажарстанда тегін оқу конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау биылғы жылғы 12 желтоқсанда басталып, 2023 жылғы 18 қаңтарға дейін жалғасады.

«Биыл үкіметаралық келісімдер шеңберінде бөлінген гранттар бойынша конкурстық іріктеудің ережелері жетілдірілді. Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен конкурстық іріктеуде ауылдық жерлерден үміткерлер үшін артықшылықтар енгізілді. Сонымен бірге үкіметаралық гранттардың түлектері үшін еңбекпен өтеу мерзімі үш жылдан бір жылға дейін қысқартылды», – деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
«Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы қазақстандықтарға келесі бағдарламалар бойынша 250 грант ұсынып отыр:

• бакалавриат 110 орын;
• магистратура 90 орын;
• бакалавриат+магистратура 30 орын;
• докторантура 20 орын.

Грант мажар тілі курстарынан өту, академиялық оқу, жатақханада тұру, медициналық сақтандыру шығындарын өтейді, сондай-ақ студенттерге ай сайынғы стипендия төленеді.
Оқу ағылшын және мажар тілдерінде өтеді. Мажар тілін білмейтін қазақстандықтар үшін тегін тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі қарастырылған.

Конкурсқа қатысу үшін негізгі критерийлер:

-Бакалавр дәрежесін алуға үміткерлер үшін – аттестат орташа балының немесе негізгі орта білімі туралы куәліктің және ағымдағы оқу жылы бойынша ағымдағы үлгерімі туралы табель/транскрипттің немесе арнайы орта білімі туралы диплом орташа баллының 5.0-тен 4.0 балына сәйкестігі;

– Магистр дәрежесін алуға үміткерлер үшін – бакалавр/маман/дипломы немесе ағымдағы үлгерімі туралы таранскриптің орташа баллының 4.0-тен 3.0 балына сәйкестігі;

– Доктор дәрежесін алуға үміткерлер үшін – магистр дипломы немесе ағымдағы үлгерімі туралы табель/транскрипттің орташа балының 4.0-тен 3.0 балына сәйкестігі;

– Ағылшын тілінде оқу үшін кемінде IELTS 9.0-дан 5.5, TOEFL 120-дан 46 деңгейдегі қолданыстағы сертификаттар болу тиіс.

📌 Өтінімдер Egov.kz электронды Үкімет порталы арқылы және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да қабылданады.

2️⃣ Астанада 12-14 желтоқсан аралығында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді.

Байрақты бәсекенің ерекшелігі алғаш рет үш жас: ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында өтеді.
Әлем чемпионаты елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында болады. Жарысқа әлемнің 40 елінен 350-ден астам балуан қатысады.

Ұйымдастырушы – Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы мен Qazaq kuresi ассоциациясы.

Біздің палуандарға жеңіс тілейміз!✊🏻

3️⃣ Алматыда «Еуразия» халықаралық кинофестивалі өтеді.

Мұнда екі байқаудың бірі-халықаралық, ал екіншісі – ұлттық байқау екен. 😍🔥

Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

Халықаралық байқауда соңғы 12 айда Еуразия континентінің аумағында түсірілген 15 толықметражды ойын фильмі, ал ұлттық байқауда 2021-2022 жылдары шығарылған 15 отандық толықметражды ойын фильмі сайысқа түседі.

Екі байқауда да жеңімпаздар келесі номинация бойынша анықталады: «Үздік фильм», «Үздік режиссерлік жұмыс», ерлер рөлін үздік орындау, әйелдер рөлін үздік орындау және қазылар алқасының арнайы жүлдесі.
Айта кетейік, белгілі отандық кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Әмірқұлов «Еуразия»ХКФ XVI президенті болды.
«Фестиваль құрылған сәттен бастап «Еуразия» дәстүрінде өскен қазақстандық кинематографистердің тұтас буыны қалыптасты. Бүгін қазақстандық кинематограф осындай деңгейге жетті, оған жеке ұлттық байқау бөлінді.

Онда халықаралық кинофестивальдерге қатысқан және жеңген фильмдер де, кең аудиторияда табысқа жеткен картиналар да жарысатын болады», – деп атап өтті фестивальдің бағдарламалық директоры, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнара Әбікеева.

Конкурстан тыс мерейтойлық фильмдер, әртүрлі дәуірлер мен жанрлардағы әлемдік кино қайраткерлерінің фильмдерінің ретроспективасын ұсынатын «ерекше оқиға» бағдарламасы; заманауи қысқа метражды қазақстандық киноға арналған «жаңа есімдердің ашылуы» бағдарламасы да кіреді.

Онда 2020-2022 жылдары түсірілген жас режиссерлердің үздік 15 фильмінің көрсетілімдері болады. Фестивальдің ресми ашылуы мен жабылу салтанаты Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді. Кино көрсетілімдері Kinopark 16 кинотеатрында өтеді.