Стипендия, Бұқара, Павел Дуров. 29 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 29 августа, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Конституция күніне орай Астанада бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтеді.

30 тамыз күні Ботаникалық бақта ҚР Конституциясы күніне арналған бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтеді.

Жарысқа қатысқысы келетіндер 30 тамызда сағат 07:00-ден 08:00-ге дейін тегін тіркеле алады. Жарыстың өзі 08:00-де басталады.

Жарысқа қашықтықты еңсере алатын барлық ниет білдіруші шақырылады:
Үлкен жарыс – 4000 м; Кіші жарыс – 1300 м. Іс-шара аяқталғаннан кейін мәреге тіркелген қатысушылар арасында лотерея және бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны өтеді.

Айта кетейік, бұқаралық жүгіру спорттық іс-шара болып саналмайды.

Сіз де бақ сынап көріңіз!👍

2️⃣ 1 қыркүйектен бастап студенттерге арналған стипендия мөлшері 50%-ға дейін артады

Бұл туралы Үкімет мүшелерінің қатысуымен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Олжас Бектенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бағытталған.

“Жыл сайын ең төменгі және базалық зейнетақы, сондай-ақ жалақы мөлшері өсіп келеді. Колледж студенттеріне берілетін стипендия мөлшері 50%-ға, бакалавриатқа 20%-ға, магистратура мен докторантураға 15%-ға артты. 1 қыркүйектен бастап 445 мың студенттің стипендиясы өседі (15-50% шегінде).
1 млн 700 мың мектеп оқушысын, сондай-ақ бала-бақшадағы 100 мыңға жуық баланы тегін тамақтандыруды мемлекет толықтай өз мойнына алды. Оған бюджеттен 179 млрд теңге бөлінді. Биыл 1-сыныпқа 352 мың бала барады. Оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 302 мектептің құрылысы жүргізілуде, 70 мектептің құрылысы аяқталды”, — деді Олжас Бектенов.

Тамаша!🔥

3️⃣ Telegram желісінің негізін қалаушы Павел Дуров он жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Ол Франция билігіне бес миллион еуро кепілдік төлеуі керек. Бұл туралы Париж прокуратурасының мәлімдемесінде айтылған.

Прокуратураның мәлімдемесінде құқық қорғау органдарының талабы бойынша тергеуге қажетті ақпарат беруден бас тарту, киберқылмыс, ақшаны жылыстату, алдын ала декларациясыз криптологиялық құрылғыны әкелу, баланың суреттерін таратуға қатысу сияқты алты құқық бұзушылық туралы айтылған.

Құжатта Францияда алдын ала тергеу ақпан айында, яғни хабарланған уақыттан ерте басталғаны аталып өткен. Тергеуге сот өтініштеріне жауаптардың толық болмауы себеп болды.

Прокуратура Дуровқа қатысты тағы екі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Олармен француз жандармериясының кибер бөлімшесі мен кедендік алаяқтықпен күрес департаменті айналысады.

Сот шешіміне сәйкес, енді ол аптасына екі рет полицияға келіп, белгіленіп отыруы шарт.

Айта кетейік, Павел Дуров заңсыз транзакциялар жасайтын онлайн-платформаны басқарғаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оған алты қылмыс бойынша айып тағылып отыр📌