Стипендия, Су, Марафон. 19 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 19 апреля, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Бірінші қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы өседі.

Бұл туралы президенттің төрағалығымен өтіп жатқан үкіметтің кеңейтілген отырысында вице-премьер Алтай Көлгінов хабарлады.

Оның айтуынша, жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің стипендиясы көтеріледі.

«Бірінші қыркүйектен бастап 380 мыңнан астам студенттің шәкіртақысы колледжерде 50 пайызға, университеттерде 20 пайызға артады», — деді Алтай Көлгінов.

Астанада президенттің төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Көлгіновке дейін премьер-министр Әлихан Смайылов баяндама жасады. Ол биыл қаңтар-наурыз айларында жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 4,9%-ті құрағанын айтты.
Қазақстанның халықаралық резервтері 94 миллиард долларды құрады. Атап айтқанда, өткен жылдың басынан бері Ұлттық қордың активтері 3 миллиард долларға өсіп, 58 миллиард долларға жетті.

Жақсы жаңалық! 👏🏻🔥

2️⃣ Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте су және коммуналдық тариф мәселесін көтерді. Бұл туралы tengrinews.kz мәлімдеді.

«Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл — жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді.

Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан аса адам таза ауызсуға зәру. Бұл — ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе.
Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі — құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз», — деді ол.

Сол себепті барында бағалайық✔️

3️⃣ 23 сәуір Алматыда марафонға байланысты бірнеше көше жабылады.

Алматы жартылай марафонының ұйымдастыру комитеті оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарына жарыс өтетін күні, 23 сәуірде жолдардағы қозғалыстың ішінара жабылатынын мәлім етті. 
Жарыс өтетін күні қаланың мына жолдары жабылады: 
Әл-Фараби даңғылының солтүстік жағында Мұстафин көшесінен Навои көшесіне дейінгі жол бөлігінде қозғалыс сағат 00:00-ден 12:00-ге дейін жабық болады. Оңтүстік жағы сағат 7:00-ден 8:10-ға дейін жабылады. 
Әл-Фараби даңғылының солтүстік жағында Мұстафин көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі жол бөлігінде қозғалыс сағат 7:15-тен 09:40-қа дейін жабық болады. Оңтүстік жағы көлік қозғалысы үшін ашық. 
Сейфуллин даңғылында әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі жол бөлігінде қозғалыс сағат 7:40-тан 09:00-ге дейін толық жабылады. 
Абай даңғылының оңтүстік жағында Саин көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі жол бөлігінде қозғалыс сағат 8:40-тан 11:10-ға дейін жабық болады. Солтүстік жағы көлік қозғалысына ашық. 
Абай даңғылының оңтүстік жағында Сейфуллин көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі жол бөлігінде қозғалыс сағат 7:50-ден 09:30-ға дейін жабық болады. Солтүстік жағы көлік қозғалысына ашық болады. 
Саин көшесінің шығыс жағында әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі жол бөлігінде қозғалыс сағат 08:30-дан 10:10-ға дейін жабылады. Батыс жағы көлік қозғалысына ашық болады. 
Деректер жарысқа қатысушылардың қозғалыс уақытының ұтымды бөлінуін ескере отырып енгізілді. 
Тұңғыш Президент саябағына автокөлікпен жету үшін ұсынылатын маршрут: 
- Мұстафин көшесінің бойымен оңтүстікке қарай әл-Фараби даңғылына дейін; 
- Навои көшесінің бойымен оңтүстікке қарай әл-Фараби даңғылына дейін; 
- Садықов көшесінің бойымен солтүстікке қарай әл-Фараби даңғылына дейін; 
- Дулати көшесінің бойымен солтүстікке қарай әл-Фараби даңғылына дейін; 
- Саин көшесінің бойымен оңтүстікке қарай әл-Фараби даңғылына дейін; 
- Розыбақиев көшесінің бойымен оңтүстікке қарай әл-Фараби даңғылына дейін. 
Марафон әл-Фараби даңғылындағы Тұңғыш президент саябағының жанында басталады, орталық стадионда (Сәтпаев, 29/3) аяқталады. 
Қатысушылар қашықтықтардың бірін жүгіріп өте алады: 
Жартылай марафон 21,1 км; 
Жүгіру 10 км; 
Скандинавиялық жүріс және Экиден командалық эстафетасы 10 км. 
Марафонға 18 жастан асқан кез келген адам қатыса алады. Ал 15 жастан асқан қатысушылар басқа қашықтыққа қатысуға жіберіледі.

Ескере жүріңіз👌