Көшпелі қазақ қала мәдениетін қалай қалыптастырды?

Автор: редактор 29 Желтоқсан, 2022


✔️ Көшпелі қазақ өмірінде бірнеше қалалар болды. Әрі олар топтарға бөлінді. 

🟩 Бірінші топқа аумағы 30 га-дан асатын қалалар енеді.

Бұлар – көп қабатты ескерткіштер, мәдени қабаттарының қалыңдығы 2 – 3 метрге дейін жетеді және одан да қалың. Қазба жұмыстары кезінде қала жұрттарынан алуан түрлі керамика, әйнек, теңгелер, қолөнер шеберханалары мен өндірістік күл-қоқыстар табылды, бұлар мұнда қолөнер мен сауданың дамығанын дәлелдейді. 

Бұл қалалар жұрттарының кейбіреулері нақты қалаларға: Антоновка – Қаялыққа, Дүнгене – Екі-Оғызға баланады. 

Олардың ішіндегі ең ірісі қарлұқ жабғуының астанасы Қаялық ретінде танылған – Антоновка. Бірінші топты құрайтын төрткөлдер ірі қалалар және астаналық орталықтар болды.

🟩 Екінші топтағы қалалардың аумағы 10 га-дан 30 га-ға дейін жетеді. 

🟩 Үшінші топ қалаларының аумағы 10 га-ға да жетпейді. Мұндай қала жұрттарының құрылысы Жақсылық қаласының орнын кең көлемде қазған кезде зерттелді. Оларда тұрғын үйлер дуалдар іргесіне, ішкі жағында орналасады, ішкі аулалар бар. 

📌 Іле қалалары жұртының бұл тобын бұрынғы көшпелілер мен жартылай көшпелілердің ауылдық қоныстары деп санауға болады. Кейбіреулері керуен-сарайлар болуы мүмкін. Сарыжас, Быжы және Айнабұлақ сияқты бірнеше қаланың жұрты бір-біріне жақын орналасқан екі немесе тіпті үш бекіністен тұрады. Олар әдетте жолдардың түйіскен тұсына салынған.

Бұл кезеңде отырықшы және қала мәдениеті Қазастанның орталық және шығыс аймақтарына қарай ойысқан. Қазақстанның батысында қоныстар пайда болған. Орталық Қазақстанда, Нұра, Кеңгір және Жезді аңғарларында, Ұлытау етегінде ондаған төрткөлдер табылды, мұнда жүргізілген қазба жұмыстары олардың әкімшілік қолөнер-сауда сипатын көрсетеді. Шыңғыс хан шапқыншылығы және одан кейінгі Шыңғыс хан ұрпақтары арасындағы соғыстар салдарынан Іле, Шу, Талас алқаптарындағы қалалардың көбі қирап, біржола жойылып кеткен.